
Оңтүстік Жезқазған кенішінде «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі еңбек ұжымымен жеке кездесу өткізді.
Кездесу жұмысшылардың бірқатар жүйелі шешімді қажет ететін мәселелерді көтергеннен кейін ұйымдастырылды. Олардың қатарында материалдық-техникалық базаны жаңғырту, тау-кен техникасы мен жабдықтарының тозуы, еңбек жағдайы, тұрмыстық инфрақұрылым, сондай-ақ өндірістік және экологиялық қауіпсіздікті арттыру мәселелері бар.
Руслан Өскенәлі ұжым өкілдерін жеке тыңдап, барлық көтерілген сұрақтарды қарастырды. Жұмысшылар басшылыққа тікелей сұрақ қойып, толыққанды жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Кадрлық шешімдер де жарияланды: қызметтік тергеу жүргізілгенге дейін басқарма төрағасының орынбасары уақытша міндетінен шеттетілді.
Басқарма төрағасы аталған проблемалардың едәуір бөлігі жылдар бойы жинақталғанын және оларды жүйелі түрде шешу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа басшылық акционердің қолдауымен өндірістік активтерді жаңғырту, жабдықтарды жаңарту, қауіпсіздікті арттыру және еңбек жағдайын жақсарту бағдарламасын іске асырып жатыр.
Кездесуде кәсіпорын мен өңірді дамытуға арналған инвестициялар да талқыланды. Компания өндірістік және әлеуметтік жобаларға қаржыландыруды арттырып жатқанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, Жезқазған және Сәтбаев қалаларын дамытуға арналған кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның жалпы көлемі – 32 млрд теңге. Бағдарлама әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғыртуды қамтиды.
Сонымен қатар минералды-шикізат базасын дамытуға инвестициялар айтарлықтай артты. Бұрын Жезқазған кен орнында геологиялық барлау жұмыстарына жылына шамамен 5 млн АҚШ доллары бөлінсе, қазір бұл көрсеткіш 40 млн долларға дейін өсті.
Ірі экологиялық жобалар да қарастырылуда. Солардың бірі – Жезқазған мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехын салу жобасы. Бұл өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі болмақ.
Еңбекақы мәселесін түсіндірген компания басшылығы жұмысшылардың әл-ауқатын кезең-кезеңімен арттыру бағытын ұстанатынын айтты. Бұл шешімдер кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы, инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асуы және ұжымның ұзақ мерзімді мүдделері ескеріле отырып қабылданады.
«Қазақмыс» деректеріне сәйкес, өндірісті жаңғырту, жабдықтарды жаңарту, қауіпсіздікті күшейту және әлеуметтік бағдарламаларды кеңейту жөніндегі жоспарлар жұмысшылар тарапынан оң қабылданды. Бірқатар бастамалар қошеметпен қарсы алынды.
Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар жұмысқа алынып, басқарма төрағасының жеке бақылауына берілді. Руслан Өскенәлі ұжым көтерген барлық мәселелер толық зерттелгенге дейін кеніште жұмысын жалғастыратынын жеткізді.
Компания Оңтүстік Жезқазған кенішінің қазіргі уақытта қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын, өндірістік процестер бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазақмыс» корпорациясы еңбек ұжымдарымен жүйелі диалогты әрі қарай жалғастырып, жұмысшылармен тікелей қарым-қатынас тәжірибесін сақтайтынын мәлімдеді.
В Атырау +28.9