Атырау, 29 қараша 09:43
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Берекеттей берік бол, қайғы-мұңға берілме

5 923 просмотра

Image 4Берекет АҚЖІГІТОВ Құлсары қаласының тұрғыны, 32 жастағы Берекет АҚЖІГІТОВ бұдан бес жыл бұрын өндірістік жарақат алып, І топ мүгедегі болып қалды. Бірақ арбаға таңылғанына қарамастан өзінің қайтпас жігері, талмас еңбегінің арқасында басқалардай табыс табатын күнге қол жеткізді.

«ӨЗІМДІ ЕМЕС, АНАМДЫ АЯДЫМ»

Бастапқыда ол қалай қабылдар екен деп қобалжығаным рас. Ыңғайсыз сұрақтар ашуын келтіріп, болмаса көңіл-күйін түсіріп тастар деген сақтықпен отырдым. Ал, әңгіме қыза келе Берекет ақжарқын, әзілқойлығымен қорқыныштың бәрін сейілтіп жіберді.

...Құлсары қаласындағы мектепті тәмамдасымен Берекет Атырау мұнай-газ институтының мұнай кәсіпшілігі факультетіне грант бойынша оқуға түсті. Ол каникул кездерінде Теңіз кенішіндегі фирмада жұмыс жасап жүріп, өндірістік іс-тәжірибеден де өтеді. Жоғары оқу орнын бітірген соң інісі Берік екеуі Ақтау қаласындағы «АсТрасТар» АҚ-на жұмысқа орналасып, алғашында бір жылдай жұмысшы, кейін бұрғышының көмекшісі болады. 2010 жылдың 1 мамырына дейін бәрі жақсы еді, бірақ бұл қуанышты, алаңсыз күндер көпке ұзамады. Сол күні Берекет өндірісте ауыр жарақат алады. Дәрігерлер «омыртқаның сынуы» деген диагноз қойды, оның жұлынына зақым келген екен. Денесінің төменгі бөлігі жансызданып қалған.

- Мен жансақтау бөлімінде бірнеше күн ес-түссіз жаттым. Ес жиып, көзімді ашқанда бордай езіле, егіле жылап отырған анамды көрдім. Мен сонда өзімді емес, анамды аяп кеттім. Бірақ анам ержүрек, батыл әйел, ол күш жинап, мені үнемі қолдап отырды, - деп әңгімелейді Берекет. - Мені бұл күйзелістен туыстарымның қолдауы алып шықты десем де болады. Анам (ол өзі де дәрігер), әкем, інім Берік маған ауруханаға күнде келіп, өмірдің мұнымен тоқтап қалмағанына сендіріп, күш, жігер беріп, қуаттандырып отырды. Ал, мен... Әрине, жастай аяғыңның жүрмей қалғанын сезіну өте қиын. Бірақ менде алғашқы күндердің өзінде өлім туралы ой болған жоқ. Мен бұл жайтты Алланың маған берген сынағы болар деп қабылдадым.

Өзі жұмыс жасаған мекеменің көмегімен Берекет Қытайға барып, ота жасатуға мүмкіндік алды. Оны онда бірнеше рет апарған. Қытай астанасы Бейжің қаласында оңалту орталығында арнайы қалпына келтіруге арналған жаттығуларды жасап үйренеді. Жыл жарым уақыттан соң сырқатына байланысты төсек тартып жатқан ол арбаға отыруға мүмкіндік алады.

- Басында арбаға отыру мен үшін қорқынышты болды, құлап қалам деп ойладым. Оған отыруға әкем мен інім көмектесетін. Бірақ уақыт өте келе өзіме үйренуге тура келді. Бұл қоларбаны 140 мың теңгеге Қытайдан сатып алдық. Ыңғайлы, заманауи үлгімен жасалған, - дейді Берекет.

Ол Қытайдан бөлек, Маңғыстау облысында тұратын халық емшісіне барып ем алып жүр екен. Дәрігерлер мен сынықшылардың пікірінше, оның буындары ауруды сезеді, демек, аяғына тұруға үміт бар. Анасының дәрігер болғандығы да оған көп көмек болды.

«БАСЫНДА ИНЕНІ ТҮСІРІП АЛА БЕРЕТІН БОЛДЫМ»

...Бейжіңге барған сапарларының бірінде Берекет арбаға таңылған бір қыздың матадағы әлдебір өрнекке қарап, кесте төгіп отырғанын көреді. Оған бұл қызық болып көрініп, қарап отыруға рұқсат алады. Осылайша айқас тігу (вышивка крестиком) туралы алғаш біледі. Қытайлық қыз бұл өнерді меңгеріп алған шебер болатын, оның қолы қолына жұқпайтын.

- Өзіме жасап көруге бола ма?

- Плиз.

Берекет қолына алып кесте тіккісі келгенімен, ебедейсіздеу қимылымен инесін түсіріп алды. Қытай қызы күліп жіберді. Ертесіне әлгі қыз оған сурет бейнесі бар мата және түрлі-түсті жіпті ұсынды. Оның қасында отырып, Берекет мұқият оның жасағанын дәл сол күйінде қайталауға тырысты. Бала кезден суретті жақсы салатыны да көмектесті. Әрі қарай ол интернетті ақтара отырып, айқас тігу туралы мәліметтер іздеп тауып, бұл іспен айналысуға мықтап кірісті. Маталар мен жіптерді Қытайдан сатып алады.

- Кесте тігу адамды сабырлы-лыққа шақырып, өміріңді түбегейлі өзгертеді екен. Мен оған бірнеше сағатымды жұмсаймын. Тағы да біраз уақытымды тренажерлық құралдармен жаттығуға арнаймын. Оларды маған әдейі үйге сатып алып берген болатын. Кейде күнімнің қалай тез өткенін байқамай қаламын... - дейді Берекет күлімсіреп.

Ол өз қолынан шыққан дүние-лерді көрсетті. Ғажап. Жолбарыс, гүлдер, бойжеткен бейнесі – бірінен бірі өтердей әсем. Оның көздің жауын алар көптеген туындысын Құлсарыда өткен көрмеде жұртшылық тамашалады. Атыраулық Гүлсина АЙСИНА Берекеттің қолынан шыққан бұйымдарды Астраханға өзі апарып, бас жүлде алып келген.

Ол туындысын сатқан емес, мұны әзірге ойламайды да. Кейде ағайындарына сыйлыққа береді. Бірде Мюнхеннен келген нағашысының мерейлі жасына не сыйлаймыз деп ойлап жүргенде ол полотнода гүл, сақина, қытай тіліндегі ұлағатты нақыл өрнектелген өз туындысын сыйлауды ұсынды. Мерейтой иесі мұндай сыйлыққа ерекше қуанды.

Берекеттің өмірі Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік ХАМИДОЛЛА оны жұмысқа шақырғанда қатты өзгерді. Енді Берекет осы бөлімнің жанынан ашылған мүгедек қарттар мен жастарға көмек көрсету орталығында жұмыс жасайды. Өз қолынан келетін айқас тігу өнерінің техникасын үйретеді. Қазір оған үйренуге 11 адам келіп жүр. Жалақысы - 50 мың теңге. Ең бастысы – оның адамдарға керектігін сезінуі.

«ТАБАНЫМ ЖЕРГЕ ТИІП, ЖҮРСЕМ ДЕЙМІН»

- Берекет, саған бір ыңғай-сыздау сұрақ қойсам деймін, оған жауап бермесең де болады, жүрген қызың болды ма?...

- Қызым болған, бірақ мына жағдайдан кейін ол келіп тұрғанымен, кейін ыңғай білдір-медім. Біз қазір хабарласпаймыз.

...Менің бос уақытым жоқ десе де болады, ас әзірлейтінім де бар. Түрлі салат, печенье пісіремін. Менің Ерлан, Жеңісбек деген адал достарым бар. Олар маған мүгедек деп қарамайды. Біз бірге жүреміз. Қазір маған салқын тигізбеу керек, сондықтан сыртқа көп шықпаймын. Ал, күн жылынғанда саябаққа, мейрамханаларға барып тұрамын. Менің достарым көп.

- Арманың қандай сенің?

- Менің өмірге өкпем жоқ, бірақ аяғымнан жүріп кеткім келеді. Және Алла бұйыртып, солай болып жатса, мен бәрібір өзім секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегімді тастамаймын, себебі, оның не екенін өзімнен білемін.

- Ендеше, армандарың орындалсын деп тілейміз!

Ләззат Қаражанова

Суретті түсірген автор


25 ақпан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.