Атырау, 29 қыркүйек 04:13
 ашықВ Атырау +19
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Заң бұзушылықтар хроникасы

3 669 просмотра

22 мамырда күндіз 102 пультіне ер адам қоңырау шалып, Жайықтағы көпірден секіріп өз-өзіне қол жұмсайтынын хабарлады. Полиция тексеріп, ол мас адамның қалжыңы екенін анықтады. Оның «авторына» - Атырау қаласының 33 жастағы тұрғынына қатысты - ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабының 1-тармағы (Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарын, полицияны, медициналық жедел жәрдемдi, авариялық қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 30 АЕК (87 510 теңге) көлемінде айыппұл салынды. 

* * * * *

15 мамырда 102 пультіне 33 жастағы Атырау қаласының тұрғынынан қоңырау түсті. Оның күйеуі мас күйде жанжал шығарып, әйелдің 8 айлық жүктілігіне қарамастан, оны ұрып-соққан. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері дереу жанжалқорды ұстады. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы («Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция департаменті егер отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыз немесе осындай оқиғаға куәгер болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз немесе әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторынан көмек сұраңыз, тел. (8778) 9329392 немесе 98-35-32. 

** * **

Атырау облысының аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» республикалық акция аясында рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Жеті күн ішінде 3404 жол жүру ережесін бұзу анықталды (жылдамдықты арттыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлесу, қарсы жолаққа шығу және т.б.). Бұдан басқа, 32 мас жүргізуші ұсталды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 7 миллион теңгеге жуық. 

*****

Атырау облысында "Мигрант" жедел алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзған  419 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 229 шетелдік азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша, ҚР 178 азаматына 518-бап («Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша, 519-бабы бойынша ҚР 12 азаматына («Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту») бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.

Сонымен қатар, сот шешімімен Түркістан облысындағы «Жібек жолы» бақылау-өткізу пункті арқылы 9 шетелдік (8 Өзбекстан азаматы және Ирландия азаматы) елден қуылды.

Төлқұжатын жоғалтқан Өзбекстанның үш азаматына өз елінің елшілігі арқылы құжаттарын қалпына келтіріп, сот шешімімен олар ҚР аумағынан шығарылды.

*****

17 мамыр мен 17 маусым аралығында Атырау облысында «Қару-2021» республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өтуде. Полиция көптеген рейдтер мен тексерулер жүргізіп, жайылым учаскелерінде және шаруа қожалықтарында атыс қаруын заңсыз сақтау фактілерін анықтады. Нәтижесінде 7 аңшы қаруы тәркіленді. Бұдан басқа, заңсыз сақталған 1 травматикалық және 1 газ тапаншасы, 1 электрошокер тәркіленді. 

*****

24 мамырда күндіз патрульдік полиция қызметкерлері «Мұрагер» сауда үйінің маңында ВАЗ-2115 көлігін тоқтатты. Босқа тоқтатпаған екен: жүргізушіден ішімдік иісі мүңкіп тұрды. Алкогольдік мас күйде болғанын одан әрі жасалған сараптама растады. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік хаттама («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы») толтырылды. Қазір бұл үшін қатаң жаза қарастырылған: құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. 

* * * * *

25 мамырда күндіз патрульдік полиция қызметкерлері Атырау-Доссор тас жолында Hyundai Elantra көлігін бұрылған кезде тұтас қос жолаққа шығып кеткені үшін тоқтатты. 40 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-тармағы («Жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шығу») бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Полиция департаменті осы бап бойынша заң бұзушылық 6 айға жүргізуші куәлігінен айыру жазасына әкеп соғатынын еске салады. 

* * * * *

26 мамырда Атырауда Құрманғазы көшесіндегі бағдаршамға тоқтаған Lada Largus көлігінің жүргізушісі есікті ашып, бөтелкеден спиртті жолға төге бастады. Бұл полиция басқармасының жедел басқару орталығының бейнебақылау мониторларына түсіп қалды. Сәл кейін Жарбосынов көшесінде 29 жастағы жүргізуші ұсталды – оның мас күйде болғаны анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-тармағы бойынша хаттама толтырылды.

* * * * *

Атырауда «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 22 жастағы тұрғын медициналық дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқаны үшін ұсталды. Одан 58 дана трамадол және 31 дана тропикамид алынды. Тағы екі медицина қызметкерінен 1280 дана трамадол және 69 дана тропикамид алынды. Олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы («Фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу») бойынша жауапты болады.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА мен Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

28 мамыр 2021, 16:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.