Атырау, 25 қараша 06:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Германия Ресейді Ryanair ұшағын қондыруға қатысы бар деп айыптады

2 570 просмотра

Ryanair ұшағының Минскіге мәжбүрлі түрде қонуына және бортта болған Роман Протасевич пен оның қызы София Сапеганы ұстауға Ресейдің қатысы болуы мүмкін. Бұл пікірді Бундестаг сыртқы істер комитетінің төрағасы, Германиядағы билеуші Христиан-демократиялық одақ(ХДО) өкілі Норберт Реттген (Norbert Röttgen) айтты, - деп хабарлайды tengrinews.kz DW басылымына сілтеме жасап.

"Кем дегенде ұшақты мәжбүрлі түрде қондыру Кремльде мақұлданғанын немесе Ресейден қолдау алғанын ескеру керек", - деді саясаткер.

Реттгеннің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путиннің қолдауынсыз Беларусь билеушісі Александр Лукашенко биліктен әлдеқашан айрылған болар еді.

Норберт Реттген Лукашенко режиміне қарсы айыппұл шараларын күшейту керек деген пікір білдірді.

"Лукашенко режимінің барлық тірегіне қатаң санкциялар салатын кез келді: әскер, полиция, әкімшілік, арнайы қызметтер және осы режимді экономика тұрғысынан қамтамасыз ететін барлық мемлекеттік кәсіпорын", - деді неміс саясаткері.

Сонымен қатар, ол Беларусьтегі электр станциясына Siemens жабдықтарын жеткізуге Германия мемлекеттік KFW банк берген несиені тоқтатуды ұсынды.

Минскіде Ryanair лайнерін мәжбүрлеп қондыру операциясына Ресейдің қатысы болуы мүмкін деген пікірге Еуропалық Парламенттегі консервативті Еуропалық халық партиясы (EVP) фракциясының басшысы Манфред Вебер (Manfred Weber) де келіседі.

"Бұл оқиға Мәскеу басшылғы Еуропамен тату көрші қарым-қатынасты қаламайтынын және мақсатты түрде қақтығыс бастағанын көрсетеді", - деді ол Augsburger Allgemeine басылымына.

Кремль бұл жағдайға қандай да бір қатысы барын жоққа шығарды.

Александр Лукашенко 26 мамырда оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасайды деп күтіледі.

Еске салайық, 23 мамырда күндіз Ryanair әуе компаниясының Афинадан Вильнюске ұшып бара жатқан ұшағы Минскіде шұғыл қонған. "Ұшақ бомба қойылды деген хабардан кейін қондырылды", - делінген әуежай хабарламасында. Кейін бұл ақпарат расталмады. 

Ұшақ бортында журналист, Nexta телеграм-арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич болған. Nexta 2020 жылғы тамызда Беларусьтегі президенттік сайлаудың нәтижелері жарияланғаннан кейін жаппай наразылық кезінде оппозицияның негізгі алаңдарының бірі болды. 

26 мамыр 2021, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.