Атырау, 11 қазан 19:24
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атырауда соңғы қоңырау соғылды

Сурет
5 704 просмотра

Бүгін, 25 мамырда Атырау облысында 197 мектепте соңғы қоңырау соғылды. Оқу жылын 134 мыңға жуық оқушы аяқтады. Бірақ салтанатты жиынға тек 9-11 сынып түлектері шақырылды.

Биылғы оқу жылын 9-сыныпта 11 мың түлек пен 11-сыныпта 5,5 мың түлек аяқтады.

Осы күн қарсаңында «соңғы қоңырауға» арналған онлайн брифинг өтті.

- Білім министрлігінің бұйрығына сәйкес барлық жерде жиын үш түрде өткізіледі: ашық аспан астында, ашық сабақтар және онлайн режимінде. Салтанатты жиыннан кейін қосымша жаппай іс-шаралар ұйымдастыруға, кафе мен басқа да қоғамдық орындарға баруға болмайды, - деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА. - Бұл шектеулер балалардың денсаулығын ойлау мақсатында туындап отыр, біздің облыстың бүгін тағы да коронавирустың қызыл аймағына енгені белгілі. Балаларға өз күштерін 28 мамырда басталатын бітіру емтихандарына дайындыққа жұмсаған жөн. 9 және 11 сынып түлектеріне мемлекеттік емтихандар барлық санитариялық-эпидемиологиялық ережені сақтай отырып өткізіледі.

Бұдан басқа, А.Дүйсекенованың айтуынша, 26 мамыр мен 19 маусым аралығында оқушылар жазғы мектепке барып, әртүрлі пән бойынша білімін жетілдіре алады. 12 мыңға жуық мектеп оқушысы қосымша сабаққа қатысуға ниет білдірді.

Былтыр пандемияға байланысты көп жоба, соның ішінде жазғы лагерьлер онлайн режимінде жүзеге асырылды. Биыл балалардың демалыс лагерлері әдеттегідей жұмыс істейді. Шектеулерге байланысты бұрынғыдан гөрі демалушыларды аз қабылдайды. Сондықтан, ең алдымен, олар көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын, жетім балаларды және т.б. қабылдауға тырысады. Қала сыртындағы лагерьлер, мектеп жанындағы тамақтандыратын 166 лагерь, тамақтандырмайтын 169 лагерь, балаларды дебат өнеріне үйрететін 163 лагерь, шет тілдерін үйрететін 211 лагерь жұмыс істемек.

Балаларды 1-сыныпқа және қосымша білім беру желісі бойынша курстар мен үйірмелерге қабылдау енді электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады.

Қосымша сұрақтарға қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза ШАНГЕРЕЕВА жауап берді. Оның айтуынша, Атыраудағы 62 мектепте 73 443 оқушы оқиды. 9-шы сыныпты 3 мыңнан астам (оның 318-і ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер), 11-сыныпты 2532 түлек (97-і «Алтын белгіге» және 371-і ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер) бітірді.

Балаларды қорғау күні (1 маусым) алаңдарда ашық аспан астында өтеді. Оқушылар мен жастар сарайына келетін болсақ, онда 800 бала онлайн режимінде дәріс алады. Қазір оның жұмысын қалыпты режимге ауыстыру туралы мәселе шешілуде.

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ  

25 мамыр 2021, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.