«Атырау» ДСК-де бокстан ҚР V Жастар ойындары өтті. Облыс құрамасы 2 күміс және 5 қола алқа жеңіп алды. Салыстыру үшін: өткен 2017 жылғы Жастар ойындарында Атырау командасы күміс және қола алқаға ие болған еді.
Қазір Бекзат Бітімов жасөспірімдер арасында 64 келіге дейінгі салмақта күміс, ал Ақнұр Ищанова 69 келіге дейінгі салмақта дәл осындай алқа жеңіп алды. Рүстем Айдар, Данила Приданов, Альфия Мұхиденова, Дильназ Бағыт және Жасмин Тлепқалиева қола жүлдегер атанды.
Жүлдегерлерге марапаттарды Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиев табыстады.
* * *
Нұр-Сұлтанда таэквондодан ҚР 5-жастар ойындары өтті. Атырау облысының спортшылары 1 күміс және 6 қола алқамен 17 команда арасынан 7-орынға ие болды.
Әлібек Сүйеуов 68 келіге дейінгі салмақта күміс алқа жеңіп алды. Әмір Салихов, Нұрғиса Сағадатов, Есбол Елеусінов, Жансая Қанина, Айсұлу Рахимбергенова және Диана Абсеноваға қола марапаттар бұйырды.
* * * * *
Оралда алғаш рет 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында ММА-дан Қазақстан чемпионаты өтті.
Біріншілікке 300-ден астам жас спортшы қатысты. Чемпиондар мен күміс жүлдегерлер ұлттық құрамаға қосылды. Олар 30 шілде мен 1 тамыз аралығында Софияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Атырау облысының құрамасында 4 алқа бар: күміс алқа - Мерей Аскабиев пен Эльдар Әжіғалиев, қола алқа - Ернар Білімпазұлы мен Эльдар Рауаев.
* * * * *
Атырау намысын қорғаған таеквондошы Жансель Дениз Олимпиада лицензиясын жеңіп алды. Ол бұған Амманда (Иордания) өткен Азиялық іріктеу турнирінде қол жеткізді.
67 келіге дейінгі салмақта сайысқан Дениз жартылай финалда Тәжікстан спортшысын жеңді. Финалға шығу оған Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама алып келді.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ