Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты былтыр шілдедегі облыс орталығында соңы атысқа ұласқан төбелеске қатысқандарға үкім шығарды.
Сот анықтағандай, 2020 жылы 12 шілдеде күндіз «АХАЖ» маңындағы көпір астындағы жағалауда қала тұрғыны А.К. амандаспағаны үшін азамат В.У.-мен төбелес бастады. Ол кезде оларды өтіп бара жатқан тұрғындар айырып алған. Бірақ қасарысқан екеуі кешке сол жерде «есеп айырысу үшін» қайта кездесуге келісті.
Кешке А.К. үш досын ертіп келді. Өзі травматикалық «Оса» тапаншасымен қаруланған, А.Б. мен Б.Қ. газды тапаншамен келген болса, Е.Қ. шолақ атыс мылтығын әкелген. В.У.-да жалғыз емес. Жиналғандар көп сөйлескен жоқ, содан соң атыс басталып кетті. Алдымен ауаға атты, кейін адамдарға тиді. Е.Қ. қарсыластарынан бір адамды ауыр жарақаттайды, ал А.К. екінші адамға ауыр зақым келтіреді. Осыдан кейін А.К. бастаған топ жан-жаққа қаша жөнеледі де, жолшыбай шолақ мылтықты Жайыққа лақтырып кетеді.
- Басты сот талқылауында сотталушылардың кінәсі жәбірленуші, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындысымен басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденді. Сотта Е.Қ. кінәсін мойындамай өзін ақтауды сұрады, ал қалған сотталушылар өз кінәсін толық мойындап, жасаған қылмыстарына өкінді, - деп мәлімдеді қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында.
Е.Қ. ҚР ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігімен («Атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын заңсыз сақтау, алып жүру»), 24-бабының 3- бөлігі, 99 бабының 2-бөлігі 9-тармағымен («Бұзақылық ниетпен адам өлтiру») кінәлі деп танылып, 11 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды; А.Қ. 106-бабының 2-бөлігі 7-тармағымен («Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру»), 293-бабының 3-бөлігі 2-тармағы («Бұзақылық ниетпен, денсаулыққа зиян келтіретін газды-травматикалық тапаншасын қолдану») бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды; А.Б. 293-бабының 3-бөлігі, 2 тармағы бойынша 3 жылға бас бостандығы шектелді; Б.К. 287-бабының 2-бөлігі және 432 бап («Қылмысты жасырып қалу») бойынша осындай жаза алды.
Фархат ӘБІЛОВ