Атырау, 24 сәуір 16:19
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Батыс Қазақстан облысында найзағайдан 372 киік қырылды

3 032 просмотра

Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында қырылып қалған 372 киік табылды. Алдын ала мәлімет бойынша жануарлар найзағайдың әсерінен қырылған болуы мүмкін.

- Біздің инспекторлар оқиға орнын зерттеп, Жәнібек ауданы Тау ауылдық округінде қырылып қалған 372 киікті анықтады. Айта кету керек, жақында осы жерде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнаған. Киіктің өлекселері бір қатарда жатыр. Тексеру кезінде найзағай тоғысуының белгілері болды. Қазір мал дәрігерлері сараптамаға жіберу үшін қосымша сынама алып жатыр, – деп хабарлады «АЖ-ға БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат КАДЕШОВ.

Оның айтуынша, найзағайдан былтыр да 62 киік зардап шегіп, қырылып қалған.

Батыс Қазақстан облысында киіктердің жаппай қырылуына қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

– Оқиға орнына шұғыл түрде экология департаментінің, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының, ветеринария басқармасының, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жіберілді. Уәкілетті органдардың қатысуымен жедел штаб құрылды. Алдын ала болжамды ақпарат бойынша киіктердің қырылу себептерінің бірі осы жердегі қолайсыз ауа-райы жағдайымен (нөсер жаңбыр мен найзағай) байланысты болуы мүмкін, өйткені өлекселерде найзағай зақымдаған іздер бар. Жүргізілген сараптамалардың нәтижесі бойынша жануарлардың неден қырылғаны туралы нақты себебі қосымша хабарланатын болады, - деді баспасөз қызметі.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген К.КАДЕШОВ

14 мамыр 2021, 10:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.