Атырау, 11 қазан 23:26
 ашықВ Атырау +9
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Ретро-саябақ: гастарбайтерлер жетіспейді

Сурет Бейнежазба
3 350 просмотра

Осыдан төрт жыл бұрын Атырауда «Ретро-саябақ» ашылғанда, баршасы өзеннің жанындағы бұл учаскенің міндетті түрде жасыл оазиске айналатынына сенімді болды. Бірақ төрт жыл өтсе де қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған саябақта әлі күнге дейін гүлденген ағаштар мен әдемі гүлдер аллеясы жоқ. Жасыл желек көбірек болса және дәретхана орнатылса деген тұрғындардың өтініші бар.

Естеріңізге салсақ, Жилгородокта Жайық жағалауындағы Ретро-саябақ 2015 жылдың ақпан айында «Игілік» әлеуметтік-инфрақұрылымдық бағдарлама аясында ТШО қаржысына салына бастаған еді. Қала тұрғындарының жаңа демалыс орны классикалық стильде жарақталған: амфитеатры, кафесі, көрме павильоны, музыкалық және жарқылдаған субұрқақтар, жасанды тоған бар. Бұдан басқа, мұнда бейнебақылау және радиохабар тарату жүйесі орнатылған. Басты көрнекі орындардың бірі - аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамбліне қойылған ескерткіш. Оның ашылуына музыканттардың өздері қатысты.

Жоба бойынша 3,5 гектар жерге бастапқыда 750 ағаш отырғызылды. Саябаққа қызмет көрсету үшін «Атырау мәдениет және демалыс саябағы» КМК құрылды. Саябақ пайдалануға берілгеннен кейін суару жүйесінде проблемалар анықталды. Соның салдарынан газондар мен қылқан жапырақтылар қурап қалды. Жасанды тоғандағы су қарайып, лайланып кетті. Алайда бастапқыда ол жерге тұқы балығын ұстау жоспарланған болатын. Тұрғындар кей жердегі көгалды таптап, қоғамдық дәретхана жарамсыз болып қалды, тіпті «Дос–Мұқасан» композициясындағы барабан таяқшасын сындырып тастады.

Бастапқыда саябақты көгалдандырумен айналысқан «Трава у дома» ЖШС оны 10 жылға сенімді басқаруға алды. Кәсіпкер Татьяна ТЕГАЙДЫҢ жоспары көп болды, ол екі жылдан кейін саябақтың гүлденетініне сенімді еді. Бірақ карантин зардабын тигізді. Біз барған кезде «Ретро саябақта» тек үш адам: Татьяна, оның қызы және жасыл желекті суарумен айналысатын қызметкері жұмыс істеп жүрді. Кәсіпкер әйел қызымен бірге көпжылдық гүл отырғызу үшін гүлзарды арамшөптерден тазартып жатыр екен.

- ТШО жоспары бойынша мұнда бар болғаны 236 ағаш отырғызылуы керек еді. Көгалға көп көңіл бөлінген. Біз ағаштардың санын көбейтуді талап еттік. Соңғы жылдары мыңнан астам тал отырғызылды, қазір жалпы саны 2 мыңға жуық: шырша, боз арша, арша, сабын ағаш, қара терек, ақтерек, шаған, шегіршін, қарағай, емен, айлант, ақ акация бар, - дейді Татьяна. – Бұл жерден дендропарк ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Қазір көпжылдық гүлдер: сарана, раушан, лалагүл, шалфей отырғызуды қолға алып жатырмын. Уақыт өте келе газонды қойғым келеді - оған күтім жасау қиын. Карантинге байланысты өзбекстандық жұмысшылар жоқ, ал жергілікті тұрғындар бұл жерде жұмыс істегісі келмейді. Өзім  ұйымдастырған еріктілер тобы көмектеседі. Біз кез-келген көмекке қуанамыз.

Бір кездері газонмен жабылған беткейлердің қазір бос жатқанын байқадым, ал кіреберістегі кейбір ағаш қурап қалған. Бұл оларды тыңайтып, су бүркитін ешкім болмағандықтан осындай күйге жеткен.

Қазір саябақта жоспарланған бастамалардың ішінен тек кафе мен стрит-фуд сататын дүңгіршектер жұмыс істейді. Саябақта серуендейтіндер кафе жанындағы дәретханаға барады. Бөлек орнатылған дәретхана жұмыс істемейді, оған күтім жасайтын ешкім жоқ.

- Бұрын дәретханаға жақын жерде тұратын әйел қарайтын. Ақылы түрде кіргізіп, табыс табатын, өзі ішін тазалайтын. Қазір денсаулығы мен жасы келіп қалған соң, бұл жұмысты жасай алмайды, ал жасаймын деп тұрған басқа адам жоқ, – деп түсіндірді Татьяна.

Сонда Ретро-саябақтың жасыл-желекке оранып, көше дәретханасы ашылуы үшін карантиннің аяқталуын күтуіміз керек немесе саябаққа көмек көрсетіп, еріктілер ретінде әрекет ету керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

11 мамыр 2021, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.