
Мақат ауданы Доссор кентінде жергілікті тұрғындардың бір тобы айналаны жайлап жатқан көлемді сорды жабудың амалын жасамай отыр деп алаңдаушылық білдіріп шықты. Кент екіге бөлінген, ортасын сор бөліп жатыр. Жел тұрса, тұздар ақшаңдаққа айналып, кентті түгел басып қалады. Жергілікті тұрғындарға тыныстау өте қиынға соғады.
Бұл «көл» кезінде мұнай өндіруді арттыру үшін ілеспе суды мұнай қабатына айдағаннан пайда болуы мүмкін. Доссорда 8 жылдан бері мұнай өндірісі тоқтатылып, консервацияланды. Алайда өндіріс қалдықтары жергілікті тұрғындарға қиындық туғызып отыр.

- Биыл кен орнының ашылғанына 110 жыл – мерейтой деп айтуға болады. Ал мынау не көрініс? Мына сор көлге айналып, жылдан-жылға үлкейіп барады. Бір кездері топырақпен жаппақ болып, әрекет жасағаннан түк шықпады. Айдын сол күйінде қалды. Иіс кентті жайлап тұр, ал жел күндері көшеде жүру мүмкін емес. Тұрғындардың денсаулығына қаншалықты зиян келіп жатқанын ешкім біліп жатырған жоқ,-дейді қоғам белсендісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.

- Онсыз да кезінде аудандағы Байшонас, Комсомол, Қошқар ауылдарын көшіріп тынды емес пе. Енді Доссорды сақтап қалудың амалын қарастыру керек. Жергілікті халыққа қарапайым жағдай жасау қажет. Мұнайдың «қызығын» көргендерден осы сорларды жабуды талап етеміз, - дейді зейнеткер ұстаз Роза ҮМБЕТОВА.
Ал Мақат ауданының әкімі Шәкір КЕЙКИН былай дейді:
- Бұл кенттегі екі үлкен сор, жалпы аумағы 35 гектар. Бұл сор қалай пайда болды анық белгісіз, әркім әртүрлі айтады. Біз бұл мәселені шешуге қолдан келгенше жұмыстанып жатырмыз. «Ембімұнайгаз» компаниясынан мамандар келіп, карьер мәселесін шешіп берсеңдер топырақ төсеп, бітеп береміз деген болатын. Бұл сорларды жабу – техникалық жағынан күрделі мәселе. Себебі, тек топырақ төгіп бұл «көлшіктерді» жабу мүмкін емес. Тұзды сор бос топырақты төмен жұтып кетуі мүмкін. Сол себептен алдымен сорды бетіне шығармайтын материал төсеп барып, соның үстінен топырақ төсеу керек болар. Алдымен техникалық негіздемесін жасақтап, қандай материал керек екенін зерттеп анықтап алу қажет. Содан кейін сметалық құжатын жасақтап, қанша қаржы керек екенін шығаруға болар еді. Бұл үлкен сома, шамамен 1 миллиардқа жуық. Енді мұнай компанияларынан ешқандай көмек болмаса, біз облыс әкімшілігінен көмек сұраймыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор
В Атырау 0 

