Атырау, 24 сәуір 06:18
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Атырау облысы орманды өлкеге айнала ма?

4 036 просмотра

Өзендердің таяздануы және топырақ эрозиясы Атырауды көгалдандыру мәселесін бұрынғыдан да өзекті етуде. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Қадыржан АРЫСТАН алдағы 5 жылға арналған бағдарлама туралы айтып береді. 

Оның айтуынша, негізінен Махамбет, Құрманғазы және Индер аудандарында шоғырланған Атырау облысының орман қоры 56,2 мың га құрайды, оның 18 мың га тоғай. Биыл Атырау облысында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мақұлдаған ормандарды қалпына келтіру мен орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. 2803 гектар орман қорына 7 миллионнан астам көшет отырғызу керек. Қаржыландырудың жалпы сомасы - 805,4 млн теңге. Көшеттер жоғарыда аталған үш ауданға және Атырауға отырғызылады. Биылғы жоспар 70 пайызға орындалды, 250 гектар жерге ағаш отырғызылды. Ылғалды ұстап тұру үшін ағаштарды өзен жайылмаларына отырғызады, әрі бұл суаруға кететін қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Биыл Атырау облысының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақты құрудың 5 жылға арналған өңірлік жоспары да қабылданды. Осы жоба аясында бүкіл өңірде көшет отырғызылып жатыр. 

Мұнай компаниялары экологиялық заңнамаға сәйкес, өздерінің санитариялық-қорғау аймақтарын көгалдандыруы керек, бірақ олар өндіріс орындарының қаладан алыс, егіншілікке мүлдем қолайсыз шөлді аймақта орналасқанын айтып, бұған қызығушылық танытпайды. Олар санитариялық-қорғау аймақтарын көгалдандырумен айналысса да, олардың ұзындығы бар болғаны 35-40 га жер. 

Көптеген мұнай компаниялары жұмыс істейтін өңірде қанша ағаш болуы керек деген арнайы норматив жоқ. Дегенмен, олар экологиямызға келтірілген зиянды қандай да бір жолмен - өндірістің жанына болмаса да қала маңына ағаш отырғызу арқылы өтеуі керек. Нәтижесінде жақында жергілікті билік пен мұнай компаниялары арасында меморандумға қол қойылды, соған сәйкес мұнай компаниялары Атыраудың төңірегіндегі және ішіндегі белгілі бір аумақтарға жасыл желек отырғызуы керек. АМӨЗ-дің жауапкершілік аймағы - Сасықсай мен Атыраудағы бірнеше учаскесі, көгалдандыруға жататын аймақтардың жалпы ауданы 1420,9 га, орындалу мерзімі 10 жыл. ТШО: Қайыршақты ауылдық округі, Новокирпичный ауылының маңындағы орман қоры, Жылыой ауданындағы аумақтар, барлығы 1772,1 га, мерзімі - 6 жыл. «ЕмбіМұнайГаз»: Талғайраң ауылы және Қайыршақты ауылдық округі, барлығы 243,2 га, мерзімі - 4 жыл. НКОК – «Соколок» каналының бойы, Атырау-Доссор тас жолының сол жағы, теміржол көпірінің маңайы, фармацевтикалық зауыт ауданы, Еркінқала, Балауса ауылдары және Мақат ауданындағы аумақ, жалпы ауданы 1373,5 га, мерзімі - 5 жыл. 

- Соколоктан Сасықсайға дейінгі аумаққа орман белдеуін салған жөн болар еді. Дәл сол жақтан жел жиі соғып тұрады. Алайда, бұл мүмкін емес: бұл аймақта осы аумақтан құбыры өтетін КТК қорғау аймағы бар, сол жерден Астрахан-Маңғышлақ құбыры өтеді. Қарсы жағынан белдеу өсіруідің мәні жоқ, - дейді Қ.Арыстан.

Өзендердің тез тайыздануы да өңірді көгалдандыруды қиындатады, өйткені жерасты суларының деңгейі төмендейді. Бұрын өзен бойында өскен ағаштар қураған. Жер кеуіп, тұзы бетіне шығып жатыр, айнала ала шаң. Топырақ эрозиясы басталуда.

- Алынып жатқан шаралар жағдайды жақсартады деп үміттенеміз. Орман мекемелері жыл сайын 60 гектар жерге ағаш отырғызды, ал қазір жаңа бағдарламалар аясында көгалдандыру алқаптары 10 есеге ұлғаюда, - дейді Қ.Арыстан.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

5 мамыр 2021, 18:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.