Алматыда жасөспірімдер мен жастар арасында баскетболдан 3/3 (стритбол) Қазақстанның көктемгі чемпионаты өтті. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жаттықтырушы Саламат Торғаев жетекшілік еткен Атырау облысының құрамасы ел чемпионы атанды.
Чемпиондық құрамда Данил Миржанов, Әділет Қабиев, Айдамир Әлібек және Бекзат Келаманов ойнады.
Ал жаттықтырушы Эльдар Тағатов бастаған 12 жасқа дейінгі қыздар командасы «күміс» жеңіп алды. Ойыншылар – Айсәуле Хамидолла, Айша Есенберді, Эльвира Дүйсенбекова және Ясмина Болатова.
* * * * *
Германияның Галле қаласында WKF-каратеден «ARAWAZA CUP» халықаралық турнирі өтті. ҚР Ұлттық жастар құрамасы сапында атыраулық («Қайсар» СК) спортшылар Жаңбыр Бейбарыс пен жасөспірімдер Олимпиада ойындарының жүлдегері Батырғали Әбілмансұр көзге түсті.
Екі спортшы да 6 рет жекпе-жекте жеңіске жетіп, құрмет тұғырының жоғарғы сатысына көтерілді.
* * * * *
Семейде самбодан 2001-02 ж. т. жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Жаттықтырушы Ербол Төлегенов бастаған Атырау облысының құрамасы осында алтын және қола медаль иеленді.
53 келіге дейінгі салмақта Сырым Байғалиевке тең келер ешкім болған жоқ, ал 58 келіге дейінгі салмақта Ислам Асқаров қола жүлдегер атанды.
* * * * *
Қостанайда кикбоксингтен 2005-06 ж.т. жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Аға жаттықтырушы Қ.Қосақов жетекшілік еткен Атырау облысының құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Айбек Шаболов (57 келіге дейін) және Жексенбай Жандарбек (71 келіге дейін) ел чемпионы атанды, ал Алина Мақсот (52 келіге дейін) және Алексей Төрехан (48 келіге дейін) «күміс», Файзолла Бекарыс, Төлеген Нұрбек және Асылжан Асылбек «қола» жүлдеге ие болды.
* * * * *
Орал қаласында қазақ күресінен 2004-05 ж.т. ұлдар мен қыздар арасында ел чемпионаты өтті. Аға жаттықтырушы Кенжебек Күзембаевтың жетекшілігімен Атырау облысының құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
36 келіге дейінгі салмақта Зере Өтепқали чемпион атанса, Төреғали Төрехан күміс, Керей Жандарбек пен Әділжанов Бейбарыс қола медальға ие болды.
* * * * *
Түркістан облысы Шардара ауданында кадеттер мен жастар арасында грэпплингтен Қазақстан чемпионаты өтті. Жаттықтырушы А.Исағалиев жетекшілік еткен Атырау облысының командасы 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
«Но ги» бөлімінде (кимоносыз) Мейрамбек Айғалиев жарыс жеңімпазы болды. Денихан Зубариев күміс медальға, Алтынбек Мұратов қола медальға ие болды.
«Ги» бөлімінде (кимономен) «күмісті» Тұрғанбек Рахымжан, «қоланы» - Есентай Диас жеңіп алды.
* * * * *
Қостанайда клубтық командалар арасында WKC спорттық каратеден Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасы 3 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Қыздар командасы (Гүлназ Өсербай, Азиза Исабекова және Зарина Асқарова) кумите мен катада «алтынға» ие болды. Ұлдар арасындағы командалық кумитеде «қоланы» ағайынды Нұралы мен Нұрасыл Жеткіншекұлы мен Әліби Тілекқабыл жеңді.
Бекзат Саинов жастар арасындағы жеке есепте күміс медальға ие болды. Балалар арасында «алтынды» Тілекқабыл Ақбота, «күмісті» Әзиза Исабекова, Жаңыл Жәнібек және Нұрасыл Жеткіншекұлы жеңіп алды. Г.Өсербай мен Н.Жеткіншекұлы кумите мен катадағы командалық «алтыннан» басқа, жеке есепте қола жүлдегер атанды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ