Атырау, 12 қазан 01:33
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Таубаев пен Басаровтың ісі». Жәбірленуші: «Қысым жасағандықтан, амалым болмады»

1 105 просмотра

Нұрлан ТАУБАЕВ пен Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша өткен келесі сот отырысында  жәбірленушіден – ЖШС директорының орынбасарынан жауап алу жалғасуда. Айыптаушы тараптың пікірінше, сотталушылар аса ірі мөлшерде пара талап еткен.

Адвокат Игорь ВРАНЧЕВ ЖШС директорының орынбасарына сұрақ қойған кезде, судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА күтпеген жерден оның сөзін бөліп, Таубаевқа ескерту жасады:

- Сіз не жеп отырсыз, сіз сотта отырған жоқсыз ба?! Мұнда сізге қатысты процесс жүріп жатыр, болмайды. Әлде басқаларды сыйламайсыз ба?

Бірақ бұл кішігірім көрініс қана еді.

Адвокаттың сұрақтарына жауап бере отырып, директордың орынбасары ТШО-мен бірінші нысан - 75 орындық Құлсары қаласындағы орталық аудандық аурухананың құрылысы бойынша келісім 2020 жылдың мамыр айында жасалғанын айтты. Екінші нысан үшін (жаңа аурухана кешені - оттегі станциясы және Құлсары қаласында 200 орындық инфекциялық аурухананың құрылысы) келісімшарт 2020 жылдың тамызында жасалған. 

Бірінші нысанды тексеру үшін әкімдіктен кім келді деген сұраққа, ол құрылыс басқармасының бастығы Басаров пен оның орынбасары Мырзаболатовтың болғанын  айтты. Бұл туралы ол қарамағындағылардан білген. Олардан екінші нысанға ТШО өкілдерімен бірге облыс әкімі Досмұхамбетов, Таубаев, Басаров, Жылыой ауданының әкімі және аудандық құрылыс бөлімінің бастығы келгенін біліпті. 

Директор орынбасарының айтуынша, 200 кереуеттік аурухананың құрылысы 2020 жылдың желтоқсанына дейін аяқталуы керек еді, бірақ суық түсіп кеткен соң аумақты абаттандыруға үлгермеген. Сондықтан ТШО бұл мерзімді 2021 жылдың шілдесіне дейін ұзартқан.

Содан кейін адвокаттар Мұратхан АМИТОВ пен Нұрлан ЖОЛБОЛОВ жәбірленушіден Таубаев пен Басаровқа беру үшін ЖШС-нен есеп-қисаппен алған 40 мың доллар туралы сұрады. 

- Сіз бұл ақшаны лауазымды тұлғаларға беруден бас тартуыңызға болар ма еді? - деп сұрады Амитов. 

- Білмеймін, мүмкін. 

- Онда неге бас тартпадыңыз?

- Өйткені бұл адамдардың өздері бас тартқан жоқ, артымнан қалмады. Мен бас тартсам, біздің ЖШС-нің жұмысына кедергі келтіріп, түрлі тексерулер жүргізеді және т.б. деп қауіптендім.

Адвокаттар сұрақты жалғастырды: 

- Сонда да, неге «төлемеймін, болды» деп айтпадыңыз? Сізде таңдау болды емес пе? 

- Таңдау болған жоқ деуге болады. Өйткені қысым жасады. 

- Қалай? Жеке өміріңізге немесе отбасыңызға қауіп төнді ме? 

- Өз басыма қауіп болмады. Қауіп компанияға қатысты бағытталды. 

- Егер бас тартқан болсаңыз, сіз үшін салдары қандай болар еді? 

- Сонда мен бәрінен бас тартуым керек пе еді? Жеке басыма қатысты қандай салдары болуы мүмкін екенін білмеймін. 

 

«ТШО-ҒА АЙТПАДЫМ»

Басаровтың адвокаты Гүлсара ҚАБЛАНБАЕВА

- ТШО-ға сізден нысан үшін едәуір ақша бопсалап жүргенін хабарладыңыз ба? 

- Жоқ, хабар берген жоқпын. 

- Неге? 

- Олар ТШО-дан емес, менен, біздің компаниядан ақша бопсалады ғой.

- Бірақ құрылыс бюджетінен пара ретінде өте қомақты соманы төлеу құрылыс мерзіміне де, сапасына да әсер етері сөзсіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берген арызыңызда көрсетілген соманы еске салсаңыз. 

- 371 миллион теңге. Иә, бұл құрылыс уақыты мен сапасына әсер еткен болар еді. 

- ТШО басшылығына мемлекеттік органдардың басшылары, атап айтқанда, Таубаев пен Басаровтың сіздің ісіңізге араласуына байланысты келісімшартты бұзуға мәжбүр екеніңізді айттыңыз ба? 

- Жоқ, айтпадым. 

Судья: Адвокат оның тапсырыс берушінің ақшасы екенін меңзеп тұр, оларға неге айтпадыңыз, ол сіздің ақшаңыз емес қой? 

- Ақпарат тарап кетер немесе тағы бірдеңе боп қалар деп, ТШО-ға айтпадым. 

Келесі отырыс 4 мамырға жоспарланған. 

Айнұр САПАРОВА

5 мамыр 2021, 00:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.