Атырау, 25 қараша 09:54
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түркіменстанда дүкен алдында кезекке тұруға тыйым салынды

3 639 просмотра

Түркіменстан аймақтарының басшылары арзандатылған бағамен тауар сататын мемлекеттік дүкендердің алдында топталып кезекке тұруға тыйым салды. Олар президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы айтқан сынға осылай жауап берді. Вице-премьер Сердар Бердімұхамедов дүкен алдында топталып тұрғандар әкесінің атына кір келтіретінін айтқан. Бұл жөнінде Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.

Түркіменабадта полицейлер дүкен алдында төрт адамнан артық тұруға тыйым салды. Олар бұл талапты орындамағандарды кезектен сызып тастаймыз, болмаса қамаймыз деп қорқытқан. Бұл жайтты Азаттық тілшісіне жергілікті тұрғын айтып берді. Астана – Ашғабатта дүкен алдында тұруға мүлде болмайды.

Түркіменстан тұрғындарының көбі субсидияланған тауарға мұқтаж. Мемлекеттік дүкендерде арзандатылған тауарлар таңғы 6 мен 8-дің арасында сатылады. Әдетте айына бір адамға бір литр мақта не күнбағыс майы, бір килограмм қант және бір килограмм күріш алуға рұқсат беріледі. Кейде тауық жұмыртқасы мен еті де сатылады.

13 сәуірде елдің оңтүстігіндегі Мары қаласында мыңға жуық адам екі килограмм ет кезегінде тұрған. Еттің бір килограмы 36 манатқа сатылған. Бұл – ресми курс бойынша 10 АҚШ доллары, ал қара нарықтағы валюта бағамы бойынша 1 доллар.

Мемлекеттік дүкендегі тауардың өзі жұрттың бәріне жетпейді. Оның үстіне тамақпен бірге қосымша затты, мәселен президенттің портретін сатып алуды талап етеді. Ел ішінде қолма-қол ақша да қат болып кеткен, сондықтан жұрт қара нарықта айырбас жасауға көшкен деп хабарлайды Азаттықтың Түркімен қызметі.

Кезекте тұрғаны үшін не қарсылық білдіргені үшін тұтқындалып жатқандар да бар.

Табиғи газ көлемі бойынша әлемде төртінші орын алатын Түркіменстан бірнеше жылдан бері экономикалық дағдарыста тұр. Коронавирус індеті келгелі жағдай тіпті ушығып кеткен. Дегенмен билік дағдарысты да, ел ішінде коронавирус жұқтырғандардың бар екенін де жоққа шығарады.

29 сәуір 2021, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.