Атырау, 19 сәуір 20:14
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жылыойдағы су тазарту ісі: бізде «әлеуметтік маңызы бар» нысандар қалай салынады

Сурет Бейнежазба
3 215 просмотра

Жылыой ауданында 80 мыңнан астам халық тұрады, оның 50 мыңға жуығы Құлсары қаласында, 7 мыңнан астамы қала іргесіндегі Жаңа Қаратон кентінде. Кәріз суы ашық-шашық күйде жатқаны аздай, мал ішетін суатқа айналған. Кәріз суын тазартатын станса құрылысының құны шамамен миллиард теңгеге есептелген «ұлы» жобасы бар, бірақ, неге екенін белгісіз, ол тұрып қалған.

Құлсары мен Жаңа Қаратон тұрғындары үшін кәріз айдау стансасын салу он жыл бұрын қолға алынған. Кейін бұл жұмысты жалғастыруға «Жылыойсу» КМК-ні сенімгерлік басқаруға алған «Қазмұнайсервис» ЖШС кірісті.

2018 жылы бұрынғы облыстық құрылыс басқармасының бастығы Мәлік АМАНОВ редакциялық сауалға құрылысты жалғастыру мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланып, күзету аудандық ТКШ бөліміне жүктелгенін сенімді түрде айтқан болатын. Бірақ аудандық ТКШ бөлімінің сол кездегі басшысы Ернар ЫСМАҒҰЛОВ бітпеген құрылысты күзету бөлімнің құзыретіне кірмейді деді. Осылайша бір-біріне сілтеген жауапсыздықтың салдарынан бүгінде ол  құрылыс тоналып кеткен.

Өткен жылы бір топ тұрғын Жаңа Қаратон кентінің 2,5 шақырым қашықтықтағы булану алаңына шағым айтып дүр көтерілген болатын. «Кола» деп аталып кеткен сасық суды айналадағы бар мал суатқа айналдырғанына көп болды. Кенттен шыққан сарқынды сулар тазартылмастан әлі күнге ауыл сыртындағы ашық алаңқайға құйылып жатыр. Он жылдан бері осы көрініс, жағдай өзгерген жоқ.

- Малымыз дәл осы жерден су ішеді. Қақпайлап айдаған боламыз, бірақ осы жерге үйір. Жылқылар үйір-үйір, сиырлар табын болып осы жерде жүреді. Кейбірі батып жатады. Сасық суды ішкен малдың сүті мен етін пайдалану адамның денсаулығына кері әсер ететіні түсінікті. Неге мұны мал кірместей етіп қоршамайды, болмаса басқа шарасын алмайды. Қанша рет айтсақ та, әкімшілік жарытымды жауап бермейді, - дейді күйінген жергілікті шаруалар.

Анадайдан сасық иісі шығып жатқан булану алаңының басындағы қалқиған ғимараттардың қашан тұрғызылып, неге құрылысы тоқтап қалғанын, одан кейін неге қолды болып кеткені турасында аудандағы бірде-бір басшы толыққанды жауап бере алмады. Өйткені бұл нысан ауданның балансында жоқ.

- Кезінде дұрыс салынбағандықтан, осындай иесіз күй кешіп тұр. Кенттегі барлық сарқынды сулар осындағы булану алаңына құйылып жатыр.  Қоршау бұрын болған, қолды болып ұрланып кетті. Одан кейін малды кіргізбеу үшін алаңның жан-жағындағы топырақты көтеріп, биіктеткенбіз. Бірақ уақыт өте келе топырақтар басылып қалды, - дейді Жаңа Қаратон кенті әкімі Сансызбай БАЙМҰРАТОВ.

Бұл жайт туралы анығырақ білу үшін бұған жауапты Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан ҚОНДЫБАЕВТЫҢ ұялы телефонына хабарласқанымызда, ол аудандық ТКШ бөліміне сілтеді. Аудандық ТКШ бөлімі басшысы Мереке ЗИНУЛЛИН жаңа кәріз айдау станса құрылысы мамырда басталатынын жеткізді.       

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

17 мамыр 2021, 16:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.