Атырау, 26 сәуір 11:15
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Контрабандалық жүк тиеген көліктің шытырман оқиғасы: екінші сот не шешеді

3 641 просмотра

«АЖ» №2 қалалық сот Вадим КИМДІ 268 миллион теңге сомада импорттық темекінің ірі партиясын ұрлағаны үшін  ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-тармағының 3-тармақшасы бойынша (Аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық) 5 жылға бас бостандығынан айырғанын хабарлаған еді. Енді облыстық сот алқасына берілген апелляциядан кейін іс қайта қаралуда.

Естеріңізге салсақ, 2019 жылдың маусым айында Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері шекарашылармен бірге Қазақстанның Ресеймен арадағы шекарасында Milano маркалы ментолды темекінің 1695 қорабын тиеген фураны ұстады. Тауардың тиісті құжаттары мен акциздік маркалары болмады. ЭТД қызметкерлері фураның шанағына сүргі салып, Атырау-Орал трассасының бойындағы «Рауан» кемпингінің (мотелі бар кафе) тұрағына қойды. Алайда заңға сәйкес, жүкті үшінші тұлғаларға кіруге тыйым салынған қорғалатын аймаққа орналастырып, содан кейін оны жою қажет еді. Шын мәнінде, қомақты ақша тұратын контрабандалық өнімдер далада қалдырылды.

Төрт айдан кейін тұрақтағы темекі тиелген фура ғайып болды. Ал күдікті тез арада табылды. 5 қазанда 38 жастағы кәсіпкер Вадим Кимнің (2008 жылға дейін ҰҚК қызметкері болған) өзбек жұмысшыларын бір-екі түнге орналастыру үшін «Рауанға» келгені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. ЭТД дереу осы көлікті тіркемесімен ұрлады деген нұсқаны әзірлеуге кірісті. 25 қазанда ол ұсталып, сот санкциясымен тергеу изоляторына қамалды. Ал өткен жылдың 2 желтоқсанында сот оған жоғарыда аталған айыптау үкімін шығарды. Бұдан басқа, Ким ЭТД-не сол 268 млн теңге шығынды өтеуі керек.

Осыдан кейін Кимнің қорғаушысы тағылған айып дәлелденбеді және Ким ақталуы тиіс деп есептеп, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасына апелляциялық шағым түсірді.

Алқа сот үкімі болжамға сүйеніп шығарылды, кінәсіздік презумпциясы қағидасы бұзылды деп санап, істі басқа құрамдағы сол сотқа қайта қарауға жолдады.

15 наурызда №2 қалалық сотта қайта қарау процесі басталды. Судья Гүлнара ДӘУЛЕШОВА тергеушілерден және МКД ЭТД бөлімі бастығынан, сондай-ақ кемпинг қызметкерлерінен тағы жауап алды. 26 сәуірде тараптар жарыссөзі өтті.

- Бүгінге дейін мен сотта прокуратура қылмыстық қудалауды болдырмайтын мән-жайларды анықтап, тағылған айыптаудан бас тартатынына сенімді едім. Алайда, бұлай болмады, өйткені істің жаңа сот талқылауына қатысуға құқығы жоқ сол прокурор Нәсіпқалиев айыптауды қолдап отыр, - деді адвокат Талғат МҰҚАТАНОВ. - Мен ЭТД әуел бастан-ақ істің мән-жайын толық тексермей-ақ айыптау позициясын ұстанды деп сенімді түрде айта аламын. Бейнебақылау жазбасының құрастырылған фрагменттерінен тек Кимнің келгенін, оның ресепшнге кіргені мен шыққаны және машинаның шыққанын көруге болады. Бұл Кимді «Рауан» кемпингінен шыққан машинамен байланыстыру үшін біреу тек осы сюжеттерді әдейілеп қайта жазып алғанын білдіреді. Өйткені таймердегі уақыттар әртүрлі. Менің қорғалушымның қылмыс жасағанын еш даусыз растайтын ешқандай дәлел жоқ. Ал біз өз тарапымыздан оның кінәсіз екенін растайтын жеткілікті дәлелдер келтірдік.

Сотталушының қоғамдық қорғаушысы - оның жұбайы Бақытгүл КӨШЕКОВА сотқа дейінгі және қадағалау органының тарапынан жасалған көптеген заң бұзушылықтарға сілтей отырып, соттан Вадим Кимді ақтауды сұрады.

Өз кезегінде прокурор Шыңғыс НӘСІПҚАЛИЕВ соттан Кимді дәл сол «Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық» бабы бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Үкім 29 сәуірде шығарылады.

Фархат ӘБІЛОВ

29 сәуір 2021, 11:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.