Атырау, 12 қазан 03:22
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Қызғалдақ көрсең - үзіп алма. Ол "Қызыл кітапқа" енгізілген болуы мүмкін

Сурет
4 655 просмотра

Жақында Қазақстан полициясының сайты Түркістан облысында «Қызыл кітапқа» енген алты дана қызғалдақ үзіп алған ер адамның ұсталғанын және ҚР ҚК 339-бабы бойынша («Құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен заңсыз айналысу») оған 8 млн 751 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы, тіпті 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы да мүмкін екенін хабарлады. Алты қызғалдақ үшін сонша жазалай ма?! – деп сұрайтын шығарсыз. "Иә, жазасы осындай", - деп растады Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясындағылар.

Соңғы жылдары қуаңшылықтың салдарынан ба да дала гүлі-қызғалдақтар да көзден жоғала бастаған болатын. Бұған қарап бала кезімізде көкөрай белдеуді нарттай қызыл «кілемге» айналдырып жататын қырмызы қызғалдақтар толы кез еріксіз еске оралып отыр. Велосипедпен топ бала болып барып аунақтай ойнап, одан қалса қызғалдақ теріп, үйге әкеліп, суға қант араластырып (реңін жоймай көп сақталуы үшін) банкаға салып қоятынбыз...

Қазір бұрынғыдай көп қызғалдақ емес бірен-сараны бой көрсеткеніне мәз болатын болдық. Жолдың жиегінде өсіп жатқан сол әсем гүлдерді көріп, суретке түсіріп алдым.

Атырау облысында қызғалдақтың екі-үш түрі өседі. Ал «Қызыл кітапқа» енген өте сирек Шренка түрін жұлсаң, басың пәлеге қалуы мүмкін.

-Шренка түрі Мақат, Махамбет, Индер қырлықтарында көп кездеседі, - дейді Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Мереке ШАЛХАРОВ. - Біз жақында рейдке де шықтық, бірақ ондай жауапкершілікке тартатындай ешкім кездеспеді.

Қазақстанда қызғалдақтың  40-қа жуық түрі өседі, оның шамамен жартысы «Қызыл кітапқа» енген.       

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

Cуреттерді түсірген автор

26 сәуір 2021, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.