Атырау, 29 наурыз 00:29
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Нұрлан Таубаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Ақ Жайықты» айыптайды

4 200 просмотра

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан ТАУБАЕВ пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур БАСАРОВТЫҢ ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Осы отырыстың басында Таубаев пен оның адвокаттары «AЖ» басылымындағы сот туралы жарияланымдарға (тек ол емес) наразылық білдірді; бұдан басқа, бұрынғы бірінші орынбасар былтыр 10 қыркүйекте өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің ұрлап әкеткенін айтты.

Сотталушылардың адвокаттары суретке түсіруге қарсы болып, біздің сайтымызда бұрын жарияланған алдыңғы сот отырыстарының суреттерін алып тастау туралы өтініш білдірді. Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА бұл өтінішті қанағаттандырды. Содан кейін Н.Таубаев біздің басылымда сот процесі айыптаушы көзқараста жарияланады деп, «АЖ»-ны айыптады. Содан соң пара алды деген күдікпен қамауға алынғанға дейінгі бірнеше жарияланымды (атап айтқанда, ИВЛ сатып алу және жануарлар құқығын қорғаушылардың наразылығын тудырған қаңғыбас жануарларды жаппай жою туралы бұйрыққа қатысты) еске түсірді. Оның пікірінше, бұл жарияланымдар объективті емес және оның беделін түсіруге бағытталған. Ол тіпті бізді сотқа бермекші. Бұл тұрғыда оқырмандар баға береді, «AЖ»-ның беделі басылым жарық көрген 30 жыл ішінде дәлелденген.

ТАУБАЕВ: «ҚЫРКҮЙЕКТЕ МЕНІ ҰРЛАП ӘКЕТТІ!»

Мәлімделген өтініштерді талқылау барысында прокурор Нұржан ЖАНГЕРЕЕВ пен адвокаттардың бірі Игорь ВРАНЧЕВ сөзге келіп қалып, бұл Н.Таубаевтың қорғаушысы - ағасы Асқар ТАУБАЕВТЫҢ айыптаушы өкілге қарсылық білдіру туралы өтініш беруіне себеп болды. Судья бұл өтінішті қабылдамады.

Отырыс жалғасты. Н.Таубаев тағылған айыппен мүлдем келіспейтінін мәлімдеді. Ол айыптау актісінен үзінді оқыды:

- Айыптау актісінде көрсетілгендей, менде қандай пайдакүнемдік пиғыл болды? Мұнда менің осы нысанның (Құлсарыдағы жұқпалы аурулар ауруханасы – Ф.Ә.) іске қосылғаны үшін заңсыз сыйақы алуға ниетімнің қалай болғаны немесе «жалпы қамқорлық» үшін ақша алу пиғылым болды ма, түсініксіз. Егер прокурор осы қылмыстық істің материалдарын, оның ішінде, қазір жәбірленуші саналып отырған адам мен менің арамдағы диалогтың жазбаларын мұқият зерделеген болса, онда мұндай айыптау болмас еді. Менің құрылыс уақытында аяқталып, пайдалануға берілсе деген ниетім болып еді. Бұл ведомствоаралық комиссия бақылауында тұрған объектілердің бірі болды, өйткені біздің облыс коронавируспен ауырған науқастар саны бойынша көш басында болғандықтан бізге осы аурухана қажет болды. Сондықтан, осы жағдайда мен осындай бағдарламаларға қатысқан кез-келген кәсіпкерге кез-келген қолдау көрсетуге, егер солай қаласаңыз – қамқорлық жасауға дайын болдым. Бірақ бұл қамқорлықтың мақсаты - мені байыту емес, мен басқаратын саланы қиын жағдайдан шығаруға деген ұмтылыс еді.

Таубаевтың айтуынша, тергеу барысында нақты дәлелдер келтірілмеген:

- Мені тыңдаған, аңдыған жазбалар қайда? Соның негізінде мені айыптап отырсыздар ғой.

- Сіздің айтуыңызға қарағанда, сізге айыптау төркіні белгілі, бірақ сіз онымен келіспейсіз ғой? - деп сұрады судья.

- Мүлдем, - деп жауап берді Таубаев.

Судья: Сіздің өтінішіңіз ескерілді, бірақ шешім істің барлық мән-жайы зерделенгеннен кейін қабылданады.

Содан кейін Н.Таубаев былтыр 10 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері өзін ұрлап әкеткені, бірнеше айдан бері заңсыз қамауда ұстап отырғаны туралы мәлімдеме жасады. Содан соң Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жанәбіловке, мамандандырылған тергеу сотының судьясы Трумоваға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі Тобашовқа қатысты адам ұрлау туралы қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Судья: Сіз сотқа дейінгі тергеу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлердің әрекетіне қатысты мамандандырылған тергеу сотына жүгіндіңіз бе?

- Мен қызметкерлердің өздеріне жүгіндім.

- Таубаевтың бұған дейін құқыққорғау органдарына, оның ішінде ішкі қауіпсіздік қызметіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, полиция және прокуратура органдарының жоғары лауазымды тұлғаларына жүгінбегеніне назар аудартқым келеді. Өтінішті толығымен қабылдамауыңызды сұраймын, - деді прокурор.

- Оның сотқа дейінгі тергеу барысында осы сатылардың барлығына жүгінуіне не кедергі болды? Бұдан басқа, облыстық сот тергеу сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Бас тартуыңызды сұраймыз, - деді жәбірленушінің адвокаты Женни ЖУМАЛИЕВА.

Сот Таубаевтың судьяға, прокурорға және тергеушіге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы өтінішін қабылдамау туралы шешім қабылдады, өйткені бұл мәселелерді шешу соттың өкілетіне кірмейді. Заңсыз ұстауға қатысты өтініш ашық қалдырылды. Сот тергеуі барысында дәлелдер жиынтығына қарай шешім қабылданады.

Сот процесі жалғасуда.

Фархат ӘБІЛОВ

22 сәуір 2021, 10:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.