Атырау, 12 қазан 05:23
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Екі қой бір теңге - әлі қыдырып жүрміз

Сурет Бейнежазба
3 397 просмотра

Атырауда COVID-19 жұқтырғандардың саны тәулік өткен сайын өсіп келеді. Бірақ біздікілерге «екі қой бір теңге» сияқты. Мұны мобильді топтың тағы бір тексеруі анық көрсетті.

Ойын-сауық орындарына кешкі сағат 10-нан кейін жұмыс істеуге тыйым салынды. Сол уақыттан кейін әкімдік және полиция қызметкерлерінен құралған тексеру тобы рейдке шықты. Байланыс жұмыс істеп тұр, Тайманов бойындағы «Оазис» мейрамхана кешені әлі жабылмағаны туралы хабарлама түсті. Келсек, қонақтары тіпті балаларымен отыр. Полиция қызметкері хаттама толтырып, әкімші түсініктеме жазды.

Тағы бір хабарлама түсті: Привокзальный ықшамауданында Аrtist караоке-бары да есігін жаппаған. Сырттан ештеңе көрінбейді және естілмейді, қонақтарды қызметкерлер кіретін есіктен өткізіп жатты. Жалпы залда бірнеше адам болды, бөлек бөлмеде жастар ішімдік ішіп отырды. Әкімші Асылбектің айтуынша, бұл қожайынның ет жақын туыстары көрінеді – бірі қызы, біреуі немересі, біреуі інісі. Бірақ бұл жауапкершіліктен құтқармайды, полиция әкімшілік хаттама толтырды.

Одан әрі жүргенімізде түн ортасында «Юность» аялдамасының артындағы гүл сататын дүкендердің жанында орналасқан United ойын клубы жұмыс істеп тұрды. Жастар 22.00-ден кейін жұмыс істеуге тыйым салынғанын біле ме, білмей ме – белгісіз. Қалай болғанда да, мекеме иесіне айыппұл салынады.

... Вокзал маңындағы SociosKitchen кальян бары. «Ың-шыңсыз» жұмыс жасап жатты, бірақ сыртқа темекі шегуге шыққан қонақтары еріксіз көзге түсіп қалды. Солармсен бірге полиция қызметкерлері де барға кіріп, хаттама толтырды.

Түнгі сағат бір болды, Tofu клубының жанында келдік. Жігіттер жақсы айла тапқан: онға дейін қонақтарды орталық есіктен қабылдап, кейін артқы есіктен кіргізеді. Полиция қызметкері Әлібек Қайырғалиев пен әкімдік өкілі Нұржан Сейітқалиев есікті ұзақ қақты, бірақ ешкім ашпады. Негізі бұл соншалықты маңызды емес, бәрібір әкімшілік хаттама толтырылады.

Сағат түнгі екіге таман рейдке қатысушылар Beluga қонақ үйінің астыңғы қабатында орналасқан паб жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Келсек, есігі жабық тұр. Бірақ біздің топтың жолы болғыш екен: бір жігіт келіп, қоңырау шалып еді, есік ашылды, сол кезде біз де кіріп бардық. Ол жерде футбол ойынын тамашалап, қорқор пайдаланып отырған 25 адам болды. Әкімшілік хаттама толтырылды.

Рейд барысында сағат 23:00-ден кейін жұмыс істеген дүкендер де анықталды - олар да Атырау облысының бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзып отыр.  

- Мұндай рейд күн сайын өтеді. Мейрамхана, кафе-барлар тексерілуде, - дейді Атырау ҚПБ бастығының бірінші орынбасары Ерлан БИГАМБАЕВ. – Сондай-ақ, жасырын той мен құдалық өткізіп жүргендер анықталып жатыр. Қазір көп адам жиналуға болмайтынын, қауіпті екенін халық түсіну керек.

Фархат ӘБІЛОВ 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

19 сәуір 2021, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.