Атырау, 22 қараша 03:38
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Тарихи ескерткіштерге QR код орнатыла бастады

Сурет Бейнежазба
5 402 просмотра

Атырау облысының тарихи ескерткіштері мен киелі орындарына QR код тақталары орнатыла бастады. Бұл кодты сматрфонның камерасына түсіру арқылы кез-келген жолаушы мен турист ескерткіш жайлы үш тілде мәлімет ала алады.

Мұндай тақтайша интернет желісі бар аумақтағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің әзірге 75-не қондырылған. Іздеген адам тақтайшаны суретке түсіру арқылы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының сайтына өтеді.

Қазіргі кезде облыс аумағында 313 – жергілікті, 4 республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Республикалық – ол Сарайшық, Индер ауданындағы Махамбеттің кесенесі, Жылой ауданындағы Жұбан кесенесі, және облыс орталығындағы Жилгородок. Ал жергілікті ескерткіштерді бөліп қарасақ, Атырау қаласында - 23, Жылыой ауданында – 69, Индер ауданында - 35, Исатай ауданында - 8, Құрманғазы ауданында - 42, Қызылқоға ауданында - 98, Мақат ауданында – 9,  Махамбет ауданында – 29 тіркелген.

Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы басшысының орынбасары Толыбай ДОСТЫБАЕВТЫҢ айтуынша, жаңа тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мақсатында былтыр Жайық өзені бойына, яғни Махамбет және Индер аудандарының аумағына кешенді этно-археологиялық экспедиция жүргізіліп, нәтижесінде тарихи-мәдени маңызы бар тағы 107 нысан анықталған. Олардың басым бөлігі - ерте темір дәуірлік Сармат қорғандары.

- Алыс аудандарда, далалықтарда орналасқан тарихи мұралардың жағдайы қалай? Олар қоршауға алынып, күтім жасала ма?

- Шалғайда орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерінің күйі қанағаттанарлық деңгейде, - дейді Т.Достыбаев. – Айтап кетерлігі, 2018 жылы Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалашығын қоршау жұмыстарына  жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталған, бірақ әзірге қаражат жоқ.

- Тарихи мұраларды цифрландыру аясында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

- Тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлердің электронды түрдегі интерактивтік картасы жасақталды. Оған 50 нысан енгізілді. Электронды карта үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ақпарат береді. Ол жерде ескерткіштер мен киелі жерлердің 360º виртуалды түсірілімдерін, нысандардың картасы мен 3D моделін қарап, кез-келген адам виртуалды таныса алады.

Одан бөлек, «XVIII-XX ғасырлардағы Атырау өңіріндегі елді мекендер» атты басылым жарыққа шықты.  Бұл кітап-альбомда 1700-1917 жылдар аралығында Атырау өңірінде пайда болған 40 елді мекеннің тарихы туралы ақпараттар архивтік, фото және иллюстрациялық материалдармен берілген.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

15 сәуір 2021, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.