Атырау, 16 сәуір 08:09
 ашықВ Атырау +19
$ 430.26
€ 515.32
₽ 5.61

«АтырауМұнайМаш» зауытының жұмысшылары жалақының қысқартылғанына наразы

Бейнежазба
2 021 просмотра

6 сәуірде Атырауда «АтырауМұнайМаш» зауытының 40 шақты жұмысшысы мекеме қақпасының алдына митингіге шықты, олардың дені дәнекерлеуші мен монтаждаушылар. Олар жыл басынан бері басшылық енгізген жаңа жалақы жүйесіне наразылық білдіруде – бес күндік 8 сағаттық жұмыс күніне төленетін жалақының орнына атқарылған жұмыс көлемі үшін жалақы төлейтін болған. Енді жұмысшылардың жалақысы айтарлықтай азайып кетті.

- 5 күндік жұмыс пен бұрынғы жалақымызды қалдыруын талап етеміз. Ақшамызды да уақытында төлесін, себебі жаңа жүйе бойынша да ақшамыз кешігіп түседі, - дейді жұмысшы Руслан РАХИМОВ. - Себебі ипотекаға үй алып, кредит алып, жалақыға қарап отырғандар бар. Одан қалса, жаңа келесім шартты өткен күнмен шығарған, бізбен ақылдасқан жоқ. Қол қоясыңдар, қоймасаңдар жұмыстан кетесіңдер деп қорқытады.

- Зейнетақы төлемі уақытында төленбейді. Медициналық сақтандыру да жоқ. Уақытша еңбекке жарамсыз демалысына шығып, емделейік десек, басшылық бізге ақысыз күн алып, өз ақшаларыңа емделіңдер дейді, - деп қосыла кетті жұмысшы Нұрберген ҒАБДУЛЛИН.

«АтырауМұнайМаш» ЖШС бас директоры Александр ДОНСКОВ:

- Кейбір жұмысшылар келісімге қол қойды, басқалары келіскен жоқ. Осылайша күн сайын 3-4 адамнан шақырып отырамыз.  Келіспеген жұмысшылармен келісім-шартты бұзамыз. Түсініңіздер, осының бәрін еріккеннен жасап отырған жоқпыз. Қазір зауытта ақша жоқ. Сондықтан  түрлі әдіс қолдануға тура келеді. Менде екі жол бар: адамның санын қысқартып,  ақша төлеу немесе қазіргі таңдап отырған әдісті қолдану. 

Жиналғандардың айтуынша, ақша жоқ деген зауыт басшылығы  шетелдік қызметкерлерге келгенде жомарттық танытады. Олардың жалақысы  жергілікті азаматтардан әлдеқайда көп.

- Қасымызда жұмыс жасап жатқан шетел азаматтары бар. Олар да дәнекерлеуші болып жұмыс жасайды, ал жалақылары бізден бірнеше есе көп. Шетел азаматтарынан біздің азамат жігіттердің қай жері кем екенін түсінбедім, - дейді Айбек ҚИБИДИНОВ.

Митингіге Атырау облысы бойынша Еңбек инспекциясы басқармасының инспекторы Абылай ҚАРАБЕКОВ шақырылды.

- Арыз негізінде біз тексеріс жүргізіп, заңға сәйкестігін анықтаймыз. Заң бойынша тексеріп, шешімін шығарамыз, - дейді А.Қарабеков. Оның айтуынша, зауытта еңбек дауы былтыр да тіркелген. 50 адамның жалақысын уақытында төлемей, 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл  салынды.

Айта кетсек, «АтырауМұнайМаш» ЖШС-нде үш жүзден астам адам қызмет етеді. 

Фархат ӘБІЛОВ

Бейнежазбаны түсірген автор

8 сәуір, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.