Нұр-Сұлтанда таеквондодан Қазақстан чемпионаты (ĢTF нұсқасы) өтті. Атырау облысының командасы массоги бағдарламасы (спарринг) бойынша 5 алтын, 1 күміс және 3 қола алқамен және хъёнг бағдарламасында (формальды кешен) 1 алтын алқамен марапатталды.
Чемпиондардың есімі: Дәулетхан Ерланұлы, Мақсат Мұхамбетов, Бекзат Көшбай, Бақтыбек Аспанбек, Айбек Демегенов және Бекбол Нұрәлі.
* * * * *
Алматыда КСРО спорт шебері Александр Черепановты еске алуға арналған республикалық турнирде атыраулық кикбоксшылар командасы 10 алқа жеңіп алды, оның ішінде 3 алтын, 2 күміс және 5 қола алқа бар.
Жасөспірімдер арасында 2005-06 ж.т. Кенжебай Айдын мен Жексенбай Жандарбек турнир жеңімпазы атанса, кіші жастағы ұлдар арасында Бекзат Ерулатов алтыннан алқа тақты.
* * * * *
Еліміздің жас шахматшылары Қазақстан чемпионатына үйден шықпай-ақ қатысты. Жарыс онлайн режимінде өтті. 12 жасқа дейінгі қыздар арасында атыраулық Зарина Нұрғалиева чемпион атанды.
Айта кету керек, Зарина әлем чемпионы және екі дүркін Азия чемпионы еді.
* * * * *
Оралда дзюдодан Қазақстанның V жастар ойындары өтті. Атыраулық спортшылар 1 күміс және 3 қола алқамен 16 команда арасында 9-орынға ие болды.
Қыздар арасында Аяна Дүйсенбай күміс, Есімгүл Куюлова қола алқа алды. Ұлдар арасында Әділет Сапарғалиев пен Бекзат Шағатаев қола алқа иеленді.
* * * * *
Түркістанда асық ату бойынша ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Жарысқа 13 аймақтан спортшылар қатысты.
Атырауға қатысушылардан Мұрат Қайыров күміс алқа жеңіп алды. Бұдан басқа, ол «үздік ойыншы» деп танылып, республикалық асық ату федерациясының «Алтын сақа» төсбелгісімен марапатталды.
* * * * *
1 сәуірде ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстанның онлайн чемпионаты өтті.
Атыраулық Никита Ефремов 81 келіге дейінгі салмақта қола алқа жеңіп алды. Ол жұлқа көтеруде 131 келіні, серпе көтеруде 157 келіні көтерді.
* * * * *
Кентауда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вячеслав Савкиевті еске алуға арналған дәстүрлі каратэ-до шотоканнан халықаралық турнир өтті.
16-17 жас аралығындағы жастар арасында атыраулық спортшы Бекзат Саинов қола алқа жеңіп алды. Ал Гүлназ Өсербай, Әзиза Исабекова және Зарина Асқарова (14-15 жас тобы) командалық кумите мен катадан жеңімпаз атанды.
* * * * *
Шымкентте панкратионнан Қазақстан чемпионаты өтті. Атыраулық спортшылар 1 алтын және 6 қола алқа жеңіп алды.
84 келіге дейінгі салмақта Дулат Балмұханов өткен жылғы жетістігін қайталап, 84 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атанды. Өз салмақ дәрежелерінде Райымбек Дүйсенов, Қабжан Құбашев, Әділбек Қайырғали, Алпамыс Адиатов және Тоқтар Рафхат, әйелдер арасында Ақбөбек Ерғалиева қола алқа жеңіп алды.
* * * * *
Семейде әлем чемпионатына мықтыларды іріктеу үшін кикбоксингтен ел чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасы 4 алтын, 1 күміс және 3 қола алқа жеңіп алды.
Жандос Назарбеков, Нұрсұлтан Жұмабаев, Жанәлі Сәлімгерей және Азамат Өтемісов чемпион атанса, Сәлімжан Сәлімгереев күміс, Аян Жанболатов, Айболат Базаров пен Наурыз Бақытжанов қола алқа алды.
* * * * *
Талдықорғанда грек-рим күресінен V жастар ойындары аяқталды.
77 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы Алмаз Арыстанов қола алқа жеңіп алды.
* * * * *
Көкшетауда есту қабілеті төмен спортшылар арасында еркін және грек-рим күресінен Қазақстан чемпионаты өтті. Жаттықтырушы Әнуар Өткелбаев бастаған Атырау облысының спортшылары 2 күміс және 1 қола алқа жеңіп алды.
Әлібек Құсайынов классикалық күрестен күміс және еркін күрестен қола, Павел Базматерных классикалық күрестен күміс жүлдегер атанды.
* * * * *
Щучинск қаласында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау облысының аға жаттықтырушысы Хайдар Есенғалиев кілемде өзі өнер көрсетіп, өзін-өзі қорғау бөлімінде алтын алқа жеңіп алды.
Диана Жұмағазиева, Әлихан Сейітов, Бек Насихатов және Ерболат Сатыбалдиев қола алқа иеленді. Эльдар Мухтиов пен Руслан Искендиров те қоян-қолтық ұрыс бөлімінде қола алқа жеңіп алды.