Атырау, 27 сәуір 09:39
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

«Рас айтам, мейрамханада ешкім жоқ!»

Сурет Бейнежазба
3 550 просмотра

Екі аптадан бері Атырау облысы «қызыл аймақта» тұрғанына қарамастан, қаладағы кафе-мейрамханалар кешкі сағат 20:00-ден кейін де тығылып жұмыс істеуді тоқтатар емес. Бұған «АЖ» тілшісінің мобильді топпен бірге шыққан рейд кезінде тағы бір мәрте көзі жетті.

Естеріңізге салсақ, Атырау облысының Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, кафе-мейрамханалар сағат 20:00-ден кейін келушілер үшін жабық болуы керек. Алайда оларға жеткізу қызметімен айналысуға рұқсат бар.

EndNesteіmz лаундж-бары Zaman тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Сағат тілі 21:00-ге жақындап қалса да, іші келушілерге лық толы. Құрамында полиция қызметкерлері, қалалық әкімдік өкілдері мен санитар дәрігерлер бар мобильдік топ лаундж-барға кірген кезде, келушілер қаша жөнелді. Бар әкімшілігіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жиналған іс-құжаттар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жіберілді.

Сағат 22:00 шамасында аты шулы Barmaglot барына бардық. «Құпия қонақ» болып барға кірген әкімдік өкілі ішінде 40-тан астам адамның көңіл көтеріп жүргенін хабарлаған бойда, мобильді топ өкілдері барға беттеді. Алайда қақпадан әрі аса алмады – күзетшілер қақпаны кілттеп, терезелерді қараңғылап тастаған.

Ғимараттан шыққысы келген қонақтарды күзеттің артқы есіктен шығарып жатқаны белгілі болды. Полиция өкілдері артқы есікке барып еді, ешкімді шығармай қойды. 1 сағатқа жуық мобильді топ өкілдері ішке кіре алмай, соңында тиісті акт толтырылды, бар қожайындарына бәрібір айыппұл салынады. Айта кету керек, бұл бардың карантин режимін бұзуы бірінші рет емес.

Осы бардың қасында орналасқан Vivaldi мейрамханасына да терезелерін қараңғылап, есіктерін құлыптап жұмыс істеп жатқаны жөнінде хабарланды. Полиция қызметкерлері кіре алмағанымен, кейін ішінде тек қана мейрамхана қызметкерлері отыр дегеннен соң, мобильді топ ол жерден кетіп қалды. Оның сөзіне сенгені таңқаларлық.

Мейрамханалардан бөлек ойын клубтарының да жұмысы қызып тұр. Мәселен, Сәтпаев көшесінде орналасқан «Plant A» ойын клубында жастар Сounter Strike ойнап отырса, Баймұқанов көшесінде орналасқан ойын клубтары да жұмыс істеп тұрды. Мобильді топты көрген жастар, қолдарындағы «қаруларын» тастап, қаша жөнелді. Бұдан басқа, демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынғанына қарамастан кейбір монша-сауналар жұмыс істеп тұрды.

Карантин шектеулерін бұзу фактілері бойынша материалдар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Атырау қаласы бойынша 18 бақылау тобы бар, оның 7-уі - ауылдық округтерде. Олар күшейтілген режимде жұмыс істейді, өйткені Covid-19 ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып тұр.  

- Күн сайын тексеріледі, - дейді бақылау тобының мүшесі Сәбит СҮЛЕЙМЕНОВ.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор

6 сәуір 2021, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.