- Біз Еркінқала-2 ауылы, №18 көшеде тұрамыз. Бірнеше рет ауыл, қала және облыс әкімдіктеріне, «Нұр-Отан» партиясының Атырау қалалық филиалына бізде асфальт төселген жол жоқ деп жаздық. Бірақ олардың барлығы Еркінқала ауылдық әкімдігіне сілтейді. Ондағылар бізді қалалық ТКШ бөлімінің жоспарлы тізімінде тұр десе, қалалық бөлім жоқ дейді. Біздің көшенің ұзындығы небәрі 400 метр болады, бірақ күз бен көктемде бұл жердегі сазды балшықтан жаяу не көлікпен жүріп өту мүмкін емес. Қала әкімдігі біздің мәселемізді қашан шешеді?
Жауабын қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Әлібек МҰХАНБЕТОВ берді:
- 2017 жылы Еркінқала-2 ауылында жалпы ұзындығы 60,2 шақырым болатын 46 көшеге асфальт төсеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Осыдан кейін ашық электронды тендерді ұтып алған «АтырауИнжСтрой» ЖШС-мен келісімшарт жасалды.
Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат көлеміне сәйкес 2018-2020 жылдары жалпы ұзындығы 8,1 шақырым болатын 5 көшеге (№4, 6, 11, 33 және 40) асфальттың төменгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Еркінқала-2 елді мекеніндегі көшелерге асфальт төсеу үшін құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде, биылғы жылы бюджеттен қаражат бөлінуіне орай жұмыстар жоспарланған көлемде жалғасады.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА