Атырау, 12 қазан 13:28
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

«Дина» саудагерлері: «Полиция заңсыз саудагерлерді "крышевать" етеді»

Бейнежазба
4 631 просмотра

“Дина” базарының саудагерлері жол жиегінде арзан көкініс пен киім-кешек сататын заңсыз саудагерлерді полиция "қамқорлығына" алып отыр, ал керісінше, жалға алу төлемақысы мен салықты төлеп отырған жергілікті саудагерлердің соңына түседі деп дау шығарды. Толығырақ – «АЖ» материалында.

- Әкімдік пен Полиция департаментіне қанша арыз жазсақ та, нәтиже жоқ. Оларда санитарлық кітап та, рұқсат та, патент те жоқ. Алайда полиция бөлімшесіне қарама-қарсы отырып, саудасын дөңгелетіп отыр. Полиция оларды қумайды, - дейді “Дина” базарының саудагерлері. 

Заңсыз сауданы шыр айналдырып отырғандар темір жол вокзалы жақтан базарға кіре берісте орналасқан. Бұл жолдың бойымен ең көп адам жүреді. Базарға келіп-кеткен кез-келген адам базарға кірмей-ақ, керегін осы жерден алып кетеді.

- Біздер орын ақымызды төлейміз. Бірақ бұл заңсыз саудагерлерді санитар мамандар қарап жатқан жоқ, - дейді базардағы сатушы Нұрзия ЗАИТОВА. – Тексеру келетін болса, полиция қызметкерлерінің өздері хабарлап қояды. Сол кезде олар тез жиналып, кетіп қалады. Содан соң қайта келеді.

Жол жиегінде заңсыз саудамен айналысатындардың көпшілігі - Өзбекстан азаматы, яғни, еңбек мигранттары. Олардың көбі заңсыз келгендер. Осы жерге қарама-қарсы полиция бөлімшесі орналасқан, алайда оларға бұл кедергі емес. Кейбір саудагерлер өзбектер мен қарақалпақтар полициямен ауыз жаласып алған дейді. Өйткені бұл орынға басқа адам келіп отырса, полиция қызметкерлері қуып жіберетін көрінеді. Неліктен бұлай?

Базардағы саудагер Ирина ТАШКЕНОВА:

- Карантин кезінде базар кешкі беске дейін жұмыс жасады. Сол кезде құлпынай сатып, осы жерге шыққан едім, бірақ полицейлер келіп, бұл жерге тұрмайсың деп, мені қуып жіберді. Кейін қарақалпақтар келіп еді, оларды қумады. Сонда бұл жерде мигранттарға рұқсат та, өз жерінде өнім өсірген жергілікті саудагерлерге сауда жасауға болмай ма?! Полиция мұны тегін жасамайды деп ойлаймын. Бұл жерде оңайлықпен ешкім тұра алмайды. 

Шыны керек, бұл жерде көбіне бүлінген, шіріген көкөніс пен жеміс-жидектер сатылады. Бағасы сондықтан арзан. Санитар мамандар халықтан арыз түспесе, тексеріс жүргізе алмаймыз дейді. Полициядағылар да бірнеше рет рейд өткізгенімен, еш нәтиже жоқ екенін айтады.

- Іс шаралар жүргізген кезде полицейлерді көрген көше саудагерлері заттарын тастап, қашып кетеді. Заттарға акт жасалып, жоюға жіберіледі, - дейді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан ДАВЛЕТОВ. - 32 тұлғаға айыппұл салынды. Алдағы уақытта тағы шаралар жүргізіледі.

Полицейлер, әрине, көше саудагерлерінен ақша немесе тегін жеміс-жидек алғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды.

- Бұл мүмкін емес! Егер осындай фактілер болса, бұл үшін біздің ішкі қауіпсіздік қызметіміз бар, тексеріп көрсін, - дейді Атырау ҚПБ бөлім бастығы Андрей ЧЕКАРОВ. - Бірақ негізсіз айыптаудың қажеті жоқ. Әрбір айыптау үшін дәлел болуы керек.

Осы ашық даудан кейін полиция мен әкімдік өкілдері көше саудагерлерін қуып жіберді. Қашанға дейін?

Фархат ӘБІЛОВ

Автор жасаған коллаж

«Дина» саудагерлері жолдаған бейнежазба

19 наурыз 2021, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.