Атырау, 19 сәуір 17:03
 ашықВ Атырау +16
$ 521.90
€ 593.50
₽ 6.39

Мұз көлік түгілі жаяу жүргіншілер үшін де қауіпті

Сурет
3 615 просмотра

15 наурызда Махамбет ауылында Жайық мұзы ойылып, «Нива Шевролет» көлігі суға батып кеткен. Кейін белгілі болғандай, жүргізуші өзеннен кесіп өтпек болған екен. Бағына қарай жүргізуші көлігінен шығып үлгерген.

ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға орнына Атыраудан 3 сүңгуір-құтқарушы жіберілді:

- Олар су астында көлікке арқан байлап, содан соң оны өзеннен сүйреп шығарды, - деді баспасөз қызметі.

Осындай жағдай сол Махамбет ауданында 7 наурызда болған: Жалғансай ауылында мұз ойылып, «Лада Гранта» көлігі Жайыққа түсіп кеткен. Жергілікті тұрғындар мал іздеу үшін арғы бетке өзеннен өтпек болған. Бағына қарай, құрбан болғандар жоқ. Оқиға орнына барған ТЖД қызметкерлері көліктің түгел батып кетпеуін қадағалап, арқан бекітіп, содан соң тұрғындардың өзі оны трактормен жағаға сүйреп шығарған.

Ал ТЖД мұз үстімен жаяу өту де қауіпті екенін ескертеді:

- Кез келген су айдынында мұз қалыңдығы біркелкі болмайды. Қатты мұз көкшіл немесе жасылдау түстес, ал жұқа мұз мөлдір-ашық түсті болып келеді. Қазіргі таңда өңірде су айдындарындағы мұздың жұқарғанын аңғаруға болады, ол адамның салмағын көтере алмайды. Сондықтан тәуекел етпеген жөн, - деп еске салады ТЖД.

Айнұр САПАРОВА

ТЖД ұсынған суреттер

18 наурыз 2021, 15:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.