7 наурызда сағат 02:30 шамасында А.Молдағұлова көшесінде полиция 40 жастағы әйел мас күйде жүргізген Toyota Ipsum көлігін тоқтатты. Медициналық тексеруден өткесін оған ҚР ӘҚБтК-тің 608-бабы бойынша (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы) хаттама толтырып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
Келесі күні, 8 наурызда таңғы 05:30 шамасында Привокзальный ықшамауданында 39 жастағы әйел мас күйде басқарған Toyota Camry көлігін ұстады. Оны да әкімшілік жауапкершілікке тартып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.
*****
1 наурызда сағат 23:30 шамасында Ж.Нәжімеденов көшесінің маңында ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері ересектердің қадағалауынсыз жүрген 17 жастағы жасөспірімді тоқтатты. Жасөспірімнің бұдан бұрын түнде жүргені үшін полицияда болғаны және оның ата-анасына айыппұл салынғаны белгілі болды. Алайда, жасөспірім де, ата-ана да тиісті қорытынды жасамаған. Ата-анасы ҚР ӘҚБтК-тің 442-бабының 3-тармағы («Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы») бойынша қайтадан жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК (14 293 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
6 наурызда сағат 00:45 шамасында сол ауданда, Б.Нысанбаев көшесінде учаскелік инспекторлар көшеде жүрген 16 жастағы жасөспірімді тоқтатты. Оның ата-анасына ескерту жасалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері Атырауда полиция қызметкерлері түнде ата-анасының қарауынсыз жүрген 299 кәмелетке толмағандарды анықтады.
*****
Полиция қызметкерлері ғаламтордағы сайттардың бірінде діни әдебиетті заңсыз сатқан 21 жастағы Атырау тұрғынын жауапкершілікке тартты. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-тармағы (Қазақстан Республикасының «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңнамасын бұзу) бойынша хаттама толтырылып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
27 жастағы Атырау тұрғыны әлеуметтік желідегі жеке парақшасына діни мазмұндағы аудиолекцияларды жариялады. Азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, 102 095 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері Атырау облысында діни қызмет туралы заңнаманы бұзған, оның ішінде экстремистік материалдарды сақтау, тіркелмеген діни бірлестік құру және басшылық жасау, діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы материалдарды заңсыз тарату бойынша 20 дерек анықталды.
*****
23 ақпанда Жылыой ауданы Майкөмген ауылының тұрғындарының қарлы боран кезінде 70 бас сиыры жоғалған. Өздері іздестіргенмен таба алмады. Жылыой ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жайық ҚОЙБАСОВ 12 күн іздестіру жұмыстарынан кейін ауылдан 180 шақырым жерде, Маңғыстау облысы Қаракиіз тауының шетінен жоғалған 40 сиырды тауып, иелеріне тапсырды. 30 бас ірі қара малын іздеу жұмыстары әлі жалғасуда.
*****
1 наурызда полицияға 23 жастағы азаматша 37 жастағы әпкесінің ішімдікті көп ішетінін және оның 15 жастағы қызын тәрбиелеумен айналыспайтыны туралы арызбен жүгінді. Полиция барған кезде әйел мас болған.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 127-бабы («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік іс қозғалды.
- Жинақталған құжаттар шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Анасының да тәртібі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралатын болады. Полиция қызметкерлері отбасын профилактикалық есепке алды. Енді ювеналды полиция инспекторлары бұл отбасыға тұрақты барып, егер ата-анасы арақ ішуді жалғастыра берсе, олар ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін, - деді Атырау қалалық полиция басқармасының бастығы Руслан САДИРОВ.
Жыл басынан бері ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеумен айналыспайтын 30-ға жуық ата-ананы анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
*****
9 наурызда әлеуметтік желіде Азаттық даңғылында Hyundai Elantra көлігінің жүргізушісі бір бағытта келе жатқан көлікке жол бермей, қасақана апатты жағдай туғызғаны туралы бейнежазба тарады.
Патрульдік полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 32 жастағы Hyundai жүргізушісінің кім екенін анықтады.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабының 1-тармағы («Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы») бойынша хаттама толтырылып, 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
*****
9 наурызда Атырауда Әбілқайыр хан даңғылында полиция қызметкерлері мемлекеттік белгілердің дұрыстығына күмән келтіріп, Lada-21214 көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде Ладаның мемлекеттік нөмірі жалған болып шықты. Көлік айып тұрағына қойылып, оның 36 жастағы жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-тармағы («Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА