Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный Владимир облысы Покров елді мекеніндегі ИК-2 колониясында отыр. Бұл туралы саясаткердің Инстаграм мен Фейсбуктегі парақшасында жазба жарияланды, деп хабарлады Азаттық радиосы.
"Қатаң бақылаудағы A секторынан" бәріңе сәлем. Ресейдің түрме жүйесі мені таңдандырды. Мәскеуден небәрі 100 шақырым жерде нағыз концлагерь жасауға болады деген нәрсе үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті" деп жазды Навальный.
Жазбамен бірге шашы тықырлап алынған Навальныйдың суреті де жарияланған, бірақ бұл сурет он жыл бұрын түсірілген.
Ресей билігінің сыншысы жазбада түрмеде қалай жазасын өтеп жатқанын баяндаған. Навальныйдың сөзіне қарағанда, түрме әкімшілігі режимнің сақталуын қатаң қадағалайды.
- Осы уақыт аралығында оған күш қолданылмаған және қоқан-лоқы көрсетілмеген. "Осыншалықты дәрежеде сыпайы, белгілі бір мағынада ілтипат көрсеткен мұндай орынды бұрын-соңды көрмеппін". "Мен оны біздің "достық ниеттегі концлагеріміз" деп атаймын" деп жазды.
- Навальныйдың жазуынша, түрме әкімшілігі күн тәртібінің қатаң сақталғанын қалайды: "Балағат сөздер айтуға тыйым салынған және ол ереже қатаң сақталады. Балағат жоқ түрмені елестете аласыз ба? Қорқынышты жайт".
- Барлық жерге видеокамералар орнатылған, бәрін бақылайды және сәл қит етсе, рапорт жазады.
Навальный өзін бұл колонияға қашан ауыстырғанын жазбаған.
Алексей Навальный қаңтар айында ұсталғаннан кейін Мәскеудегі "Матросская тишина" изоляторына жіберілген еді. 25 ақпанда Владимир облысы Кольчугино қаласындағы тергеу изоляторына ауыстырылған болатын. 12 наурызда Навальныйды ол жақтан алып кеткен, бірақ қайда жіберілгені айтылмаған еді.
ИК-2 – Ресейдегі режимі ең қатаң түзету мекемелерінің бірі. Онда сотталушылар ФСИН-нің нұсқауларының бәрін – "нүктесіне дейін" орындауға міндеттелген.
Саясаткер түрмеде кемінде 2023 жылға дейін болады.