Қостанай облысында ауыл әкімдерінің бірі ұсталды. 25 жыл бойы бір қызметті атқарған Михаил Харченко бюджет қаржысын жымқырғаны үшін тергеу абақтысына қамалды, деп бүгін «Мегаполис» газеті хабарлады.
Харченконың ұсталғаны туралы қаржы полициясы ақпарат таратты. Күшмұрын ауылының әкімі (10 мыңға жуық тұрғыны бар) ағаш отырғызу мен ауылды абаттандыруға бағытталған қаржыны жымқыру бойынша күдікті саналады.
«Алдағы уақытта әкімге айып тағылып, сотта жаза түрі анықталады. Қостанай облыстық СЖЭҚД баспасөз қызметі басқа ақпарат берген жоқ», - деп хабарлады басылым.
Әкімге ірі көлемде оған сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену мен ысырап қылғаны үшін айып тағылуда. Егер Харченконың кінәлі екені анықталса, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
Дереккөз: bnews.kz