Атырау, 17 мамыр 13:11
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Атырау облысының бас полиция қызметкері негізгі сұраққа жауап бермеді

2 834 просмотра
Тікелей эфирден скриншот

Атырау облысы Полиция Департаментінің бастығы Қамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ 2020 жылдың қорытындысы бойынша онлайн-есеп берді. Дегенмен, біздің басылымның «ыңғайсыз» сұрағына ақыры жауап бермеді. Толығырақ – «АЖ» материалында.  

Облыстың бас полиция қызметкерінің айтуынша, облыста 2019 жылмен салыстырғанда қылмыс 37 пайызға азайған. Орын алған қылмыстардың тең жартысын ұрлық пен алаяқтық құраған, әсіресе, Интернет арқылы.

- Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, қаңтар айында 21 интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыс ашылды, оның көпшілігін басқа өңір тұрғындары жасаған, - деді Қ.Үмбетқалиев.

Соңғы жылдары облысымызда автокөлік саны да күрт өскен. Осыған байланысты жол-көлік оқиғалары мен кептелістерді азайту үшін жергілікті билікке 288 ұсыныс берілген. Өткен жылы полиция қызметкерлері жылдамдықты асырғаны үшін - 61 мыңның үстінде, қарсы бағытқа шыққаны үшін - 402 және мас күйінде көлік жүргізгені үшін - 4903 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырған.

Браконьерлерден 1 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық және 364 дана киік мүйізі тәркіленді.

Сондай-ақ, полиция қыстақтарды тексеріп, тіркелмеген 27 аңшы қаруы анықтаған. Кейін «АЖ»-ға хабарласқан шаруалардың айтуынша, көбінде қару ата-бабаларынан қалған және мал баққан кезде қасқырдан қорғану үшін сақтаған. Өкінішке орай, заңсыз қару сақтағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 


«АЖ» САУАЛЫ

- Армения көліктері туралы не айтасыз?

- Бүгінде Атырау облысында  Армения Республикасынан әкелінген 6961 көлік құралы тіркелген. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 27 ақпандағы №104 қаулысына сәйкес, тіркеу мерзімі  тағы бір жылға ұзартылды.  

- Былтыр шекараның жабылуына байланысты облысымызға келетін шетелдіктер азайып, керісінше, көпшілігі дер кезінде елден шыға алмай қалды. Оларға қандай көмек көрсетілді?

- Иә, 2019 жылы облыс аумағында уақытша тұруға 88 мыңнан астам басқа мемлекеттің азаматы рұқсат алса, 2020 жылы тек 26 мың адамға рұқсат берілді. ІІМ нұсқауына сәйкес, пандемия кезінде облыс аумағында қалып қойған шетелдіктерге құқықтық көмек көрсету және олардың тұрғылықты жері бойынша бақылау жүргізу жұмыстары жүргізілді. Қазір облыс аумағында қалып қойған 20 мыңнан аса шетел азаматына республика аумағында заңды тұру құқықтық мәртебесі реттелді.  

- Соңғы кезде тергеу сапасына қатысты шағым көп болды. Сіз бұл мәселені қалай шешесіз?

- Өткен жылы полиция департаментіне азаматтардан 3910 өтініш түсті. Өтініштердің басым бөлігі қылмыстық істерді тергеу сапасы және патрульді полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты болды. Тиісті шаралар қабылданып, уақытында жауап берілді.  

«АЖ»-ның тағы бірнеше сұрағына Қамза Үмбетқалиев эфирден кейін жауап беруге уәде берді. «Полиция департаменті 18 жастағы грэпплингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовтың өліміне қызметкерлерінің ешқандай қатысы жоқ деп айтқан еді. Ал осы іс бойынша сол кезде айыпталушының екеуі де су полициясында жұмыс істегені белгілі болды. Мұны қалай түсіндіресіз?» деген негізгі сұрақ қойылды.

Бұл сұраққа ақыры жауап болмады.

Фархат ӘБІЛОВ

10 наурыз 2021, 10:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.