Атырау, 25 қараша 09:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сенатор отбасылық зорлық-зомбылық жайлы пікірі үшін сынға қалды

Бейнежазба
2 485 просмотра

Танымал тележүргізуші, сенатор Дана Нұржігіт қазақ отбасыларындағы зорлық жайлы айтқан сөздеріне байланысты сынға қалды. Желі қолданушылары журналисті таяқтың астында қалып, ештеңе білдіртпеуді дәріптеп отыр айыптады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Дана Нұржігіт "Ашық Алаң" бағдарламасында қазақстандық отбасылардағы қайшылықтар жайлы өз ойын білдірген.

"Қаншама әйелдің тағдыры өтті. Қазақы тәрбие, отағасының абыройы деген дүние бәрібір қазақ әйелінің табиғатында басым тұрады. Кейбір әйелдер елдің алдында жүреді, әдемі киінеді, төрт құбыласы тең болып көрінгенімен, кешке әңгіртаяқ ойнатқаны, не болмаса балаларды тырқыратып қуып, бір үйдің астан-кестеңін шығарып жатса да, дымын білдірмей жүрген әйелді көрдім. Соның бәрін аттап кетпей, бәрібір үй болайық, шаңырақ болайық, ел алдында абыройды ойлаған әйел қазақ әйелі дер едім. Сондай тағдырлар көз алдымызда жүр, бірақ жымын білдірмейтін қазақ әйелдерінің намыстылығы сіз ойлағандай қорқыныш тудырмайды. Еуропа елдерінің әйелдері болса, шенеунік жұмысым бар, тамағыңды өзің жеп ал деп бәрін аттап кететін қазақ әйелі емес", - деді ол.

Желі қолданушылары Дана Нұржігітті таяқтың астында қалып, ештеңе білдіртпеуді дәріптеп отыр деп түсінген.  

"Дұрыс айтасыз, қазақтың көп әйелінің басындағы жағдайды айттыңыз. Сол қызметтен отбасымыз жоғары тұрады", "Дұрыс айттыңыз", "Дана ханым, мен сізді парасатты, білімді адам деп білетінмін. Орта ғасырлық стеоротипке құрылған ойыңызды түсінбедім. Отбасындағы агрессорға төзіп, басқалары невроз бола берсін бе?", "Таяқтың астында жүріп, ештеңе білдірпеуді дәріптеп отырсыз ба?", "Сосын намыс деп жүргенде ешкімге керек емес ауру әйелге айналғанын бір біледі", - деп пікір жазған желі қолданушылары.

Феминист Молдияр Ергебеков бала шағасы күнде тырқыратып қуатын әкеден, аналарын ұрып төбелейтін әкеден балаларға тек қана травма қалады, деп пікірін білдірді.

"Абырой - мұның үстін жауып, бүркеп қойып, түк болмағандай жүру емес. Бала шағаның қамы мен болашағы, бәрінен бұрын менталь саулығы үшін еркектің зорлық-злмбылығын әшкерелеп, өз құқын қорғап, тұлға болу - абырой. Сіздің абырой деп айтып отырғаныңыз қоғам қысымынан қорқып, үндемей, өзінің де, балаларының да жүйкесін жұрдай қылатын жосық. Оның аты ешқандай да абырой бола алмайды. Оның аты - қате сана" - деп жазды ол.

Дана Нұржігіт Tengrinews.kz порталына берген пікірінде ер азаматтар әйелдердің қадірін түсініп, бағаласын деген ниетпен айтқанын айтып өтті.

"Ақындар "Қайран біздің аналар арды ойлаған" дейді. Арды ойлаған аналарды арамызда көріп жүрміз. Қазақ әйелі ерінің басын елге теңеген, елдің абыройы деп ойлаған. Сондықтан, осыны бағалайтын әйел адам не үшін көп қиындыққа көніп жатыр? Не үшін көп қиындыққа осылай үндемей, бір үйдің емес, бір елдің ұйытқысы болып жатыр? Осыны түсінетін арда азаматтарымыз болса екен, шіркін. Осының құнын білетін, әйелдің ақылын, төзімін, шыдамын, парасатын бағалайтын ер азамат көп болса екен деген пікір болатын. Бұл жерде көнбестікке шыдау, таяққа шыдау туралы пікір болмады. Әйелінің парасатының, биіктігінің құнын білетін ерлер көп болса, дүние тепе-теңдікке жетер еді. Менің пікірім - осы", - деді сенатор.

9 наурыз 2021, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.