Атырау, 28 наурыз 20:26
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Жалдамалы үйде төрт балалы ана газдан уланып қала жаздады

Сурет Бейнежазба
2 746 просмотра

Атырауда бүкіл отбасы - анасы мен төрт баласы газ иісіне уланып қала жаздады. Нұргүл БЕРДІҒАЛИЕВА Құрсай ықшамауданында жалдап тұрған үйден балаларын шығарып үлгергенін, ал өзінің ауруханаға түскенін әңгімелеп берді.

– 28 ақпанда түстен кейін үйде ұйықтап алдым, оянған кезде басым қатты ауырып, көзімді әрең аштым. Иіс шығып тұр екен, оның газ иісі екенін бірден түсіндім. Балаларға сыртқа шығыңдар деп, кішкентайымды киіндіріп, туыстарым мен достарыма кеттім. Балаларымды әр үйге апарып жүргенде, өзіме мән бермедім. Құрбыма келген кезде есімнен танып құладым, - дейді Н.Бердіғалиева.

Ол ауруханада ес жиыпты, екі түн бойы оған медициналық көмек көрсеткен. Бірақ ауруханада қалудан бас тартқан, өйткені балаларын әр жерге қалдырғысы келмепті.

Сол күні 104 қызметіне қоңырау шалып, қызметкерлер пломба орнатып, басқа жерде түнеуге кеңес берген. Келесі күні таңертең – 1 наурызда тағы да келіп, қазандығын, мұржасын бұзған. РЦКУ қызметкерлері де келіп, алдымен мұржаны тазалау керектігін, мұнымен ақылы негізде лицензиясы бар ұйымның айналысатынын айтқан.

Біз РЦКУ-ге қоңырау шалдық. Олар мұржа тазартылғаннан кейін ғана қазандықты тазалауға кірісе алатынын айтты. Оның үстіне, осы жалдамалы үй иелері газ тұтынатын жүйелер мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету үшін соңғы рет РЦКУ-мен 2015 жылы келісімшарт жасаған.

Кеше Нұргүл ақшасына қазандықтарды жөндеумен айналысатын адамдарды шақырған. Қазандықтың ұзаққа жарамайтынын, оны ауыстыру керек екенін ескертті.

Жоғарыда айтылғандай, Нұргүл мен күйеуінің өз үйі жоқ, үй жалдап тұрады. 4 баласы бар - үлкен қыздары және екі ұлы бар. Кіші ұлы Ақниет мүгедек, балалардың церебралды сал ауруы және құрысу синдромы бар.

- Мен 2016 жылдан бастап баламның мүгедектігіне байланысты баспана кезегінде тұрмын, кезегімнің қашан келетіні белгісіз. Күйеуім қазір вахтада, қант диабеті бар, мүгедектігіне (2-топта) қарамастан жұмыс істейді. Баспанамыз жоқ, үй жалдап жүрміз. Бірақ көбі бізге үй жалдағысы келмейді, көп балалы отбасымен проблема болғанын қалмайды. Дұрыс баспана іздемек болып, бүкіл қаланы шарладым. Өйткені науқас балаға жағдай керек, оны жиі жуындыру қажет, үйдің іші жылы болуы керек, - деп әңгімелейді Н. Бердіғалиева.

Бүгін оның үйіне бардық, үйге кіргенде газдың иісі білініп тұрды. Дәл осы кезде газ қызметкерлері де келіп, қазандықты қайта тексеріп, оны қосуға болмайтынын айтты. Пломба салып, қазандықтан шығатын құбырлардың диаметрі сәйкес келмейтінін, ал кей жерлері скотчпен жапсырылғанын айтты. Сөйтіп, РЦКУ қызметкерлерін күтіңдер деді.

Осы кезде Нұргүл кіші ұлын арбаға отырғызып, үстін жылы көрпемен жапты. Үлкен қыздары телефон арқылы жалға алатын басқа үй іздей бастады.

...Айта кету керек, Атырауда, жалпы Қазақстанда өз баспанасы жоқ көпбалалы отбасы жеткілікті. Олар жеке сектордағы ескі үйлерді, тіпті, уақытша салынған баспананы салыстырмалы түрде арзан бағамен жалға алады. Оның иелері суық мезгілде жылуының, жағдайының бар-жоғына көңіл бөле бермейді. 2019 жылдың ақпанында елордада уақытша салынған баспанада бес бала қаза болған қайғылы жағдай орын алған еді. Бұл жолы балалардың періштелері қақты...

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

3 наурыз 2021, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.