Атырау, 26 сәуір 14:05
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Атырауда көлікке құятын газ жоқ

Сурет
3 086 просмотра

Соңғы күндері Атырауда көліктерге арналған газ тапшылығы қатты сезілуде. Мұнайлы астана жүргізушілері газ құю бекеттерінде ұзақ-сонар кезекте тұрады. Дәл осындай мәселе көршілес Ақтау мен Ақтөбеде де бар.

«АЖ» тілшісі газ құю бекеттерін бақылап келді. Көбінде «газ жоқ» деген жазу ғана ілулі тұр. Кейбіріне сұйытылған отын келе қалса, ұзын-сонар кезек пайда болады. Көлік жүргізушілері мұнай мен газдың үстінде отырып, осындай мәселенің туындағанына сенбейді. 

- Бұл жерде өндірушілер әдейі қолдан ажиотаж жасап отыр деп ойлаймын. Үш күннен бері сағаттап кезекте тұрмыз, - дейді қала тұрғыны Жаңабай СИСЕКЕНОВ.

Жүргізушілердің айтуынша, газ тапшылығы өткен аптада басталған. Сол себепті, кейбір бекеттер 50-53 тенгеден сатылған сұйық отынның бағасын 65 теңгеге дейін көтеріп жіберіпті. 

Біз облыстағы мұнай мен газды сақтап, бекеттерге тарататын орталыққа бардық. Ондағылар сұйытылған отынның АМӨЗ-ден  келетінін айтты. Қазір олармен айтарлықтай іркілістер бар. Ал АМӨЗ баспасөз қызметі былай деп комментарий берді: «Зауытта өңірлік электрмен жабдықтау жүйесінің жұмысындағы бұзылу салдарынан техногендік ақаулар жиі орын алады. Осы жылдың қаңтар айында ғана зауытта кернеу терең тұйықталған 21 жағдай тіркеліп, нәтижесінде CCR технологиялық қондырғысының катализаторлары 90%-ға жойылды. Басқа да салдары бар, соның салдарынан зауыт әлі де қалыпты технологиялық режимге өте алмай тұр. Бұл жағдай сұйытылған газ өндірісіне де әсер етті».

1 наурыздан бастап сұйытылған газ бағасы мемлекет тарапынан реттелмейтінін ерекше атап өткен жөн. Сәйкестікке қарай отын құю бекеттерінде осындай жағдай орын алып отыр. Өз кезегінде облыстық әкімдік басқа аймақтардан көмек сұрап отырғанын, проблеманың жақын арада шешілуі керек екенін хабарлады.

Облыста 50-ден астам газ құю бекеті жұмыс жасап тұр. Оларда 13 мыңдай көлікке газ құйылады.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

2 наурыз 2021, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.