Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2021 жылға арналған футбол маусымының күнтізбесі бекітілді. «Атырау» ФК Премьер-лигаға оралып, біздің команда алғашқы кездесуді 13 наурызда өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасымен өткізетіні белгілі.
Transfermarkt.ru сайтына сүйеніп, трансферлік нарықта «Атырау» командасы ойыншыларының қайсысы қанша тұратынын қарап көрейік. Алдын ала айтайын, бұл олардың «Атырау» футбол клубы сатып алған сомалары емес, басқа клубқа сатылған жағдайда олардың шамамен нарықтағы құны туралы болып отыр. Сайт сарапшылары қателесуі де мүмкін.
«Атырау» ойыншыларының жалпы нарықтық құны бүгінде transfermarkt.ru сайтына сәйкес, 3,6 миллион еуроны құрайды. Орташа жас - 27,2 жас. Командада қазір 21 ойыншы бар - 14 қазақстандық және 7 легионер (2 бразилиялық, серб, гаитилік, армян, ресейлік және польшалық ойыншы).
Transfermarkt.ru сарапшылары - бразилиялық 28 жастағы сол жақ қорғаушы Брайанды «Атырау» командасындағы ең қымбат ойыншы деп есептейді (350 мың еуро). Одан кейінгі кезекте оның отандасы, 27 жастағы оң жақ жартылай қорғаушы Алекс Бруно (300 000 евро). Ол «Атырау» сапында 2019 жылдың тамызынан бері ойнап жүр, жақында онымен жасалған келісімшарт ұзартылды. 30 жастағы сербиялық орталық қорғаушы Даниел Стойкович те осындай сомада бағаланып отыр.
Осы маусымда «Қайсарға» бір жылға жалданған Атырау тумасы Қуаныш Қалмұратов командаға оралды. Ол да 300 мың еуроға бағаланды. Әрі қарай нарықтық құны 200 мың еуродан болатын 7 футболшы бар. Олар - қазақстандық Алексей Родионов (26 жаста), Дәурен Мәжитов (24 жаста) және Рафаиль Оспанов (23 жаста), поляк Петр Гржелчак, армян Артак Дашян, ресейлік Алексей Пустозеров, гаитилик Алекс Кристиан-Джуниор.
Содан кейін «кесте» бойынша төмен қарай тек қазақстандықтар: 24 жастағы Айболат Мақуов, 22 жастағы Ерасыл Аманжол, 23 жастағы Ринат Жұматов және 18 жастағы Әділбек Жұмаханов 150 мың еуроға бағаланады; 100 мың еуро - 35 жастағы қақпашы Владимир Логиновский мен 28 жастағы Дәурен Қайраллиев; 75 мың еуро - 33 жастағы қақпашы Рамиль Нұрмұхамбетов; 25 мың еуро - 29 жастағы Азамат Ізбасаров, 24 жастағы Айбек Ғұмаров және 20 жастағы Сәбит Тастанбеков.
Бастапқыда осы маусымдағы «Атырау» ФК-ның бюджеті 1,7 миллиард теңге көлемінде жоспарланды. Осы соманың 900 миллионы жергілікті балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға жұмсалуы керек болатын. Өйткені, жыл басында президенттің кәсіпқой спортты қаржыландыруды қысқарту туралы жолдауынан кейін Премьер-лиганың футбол клубтарына бюджеттен әрі кеткенде 800 миллион, қалғаны - балалар футболына бөлінеді деп хабарланды. Бірақ жақында ғана клубтар үшін бөлінетін қаражат шегін 1,2 млрд теңгеге дейін көтерді, енді балалар үшін 500 млн теңге қалды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА