Атырау, 19 сәуір 23:42
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Атыраудағы митинг: «СОБР» әуелі қоршауға алып, кейін адамдарды жіберіп қойды

Сурет Бейнежазба
3 277 просмотра

28 ақпанда Атырауда Исатай мен Махамбет атындағы алаңда митинг өтті. Тура сағат 12-де, жоспарлағандай, Макс Боқаев бірнеше белсендімен алаңға келді. Ол жерге кейін 70-ке жуық адам жиналды.

Бұл кезде кездейсоқтық па, жоқ па (бірақ қандай кездейсоқтық болуы мүмкін?), осы жердегі ұялы интернет ажыратылды, бірақ ұялы байланыс жұмыс істеп тұрды. Тікелей эфирге шығу мүмкін болмады, сондықтан оны кейін әлеуметтік желіге орналастыру үшін көпшілігіне видео түсіруге тура келді.

Естеріңізге салсақ, «жер митингісі туралы» іс бойынша бес жыл түрмеде отырған Макс БОҚАЕВ биыл 4 ақпанда босатылып, жер мораторийін ұзартуды талап ететін акцияға шығатынын бірден мәлімдеген еді.

Макс Боқаев жиналғандарға елдегі қазіргі саяси режиммен келіспегендіктен алаңға келгенін түсіндірді.

- Мен абақтыда отырған 4 жыл 9 айда айтарлықтай өзгеріс болғанын байқамадым. Тіпті, жағдай нашарлай түскен.

Оның пікірінше, елге өзгерістер қажет, бірақ бейбіт жолмен:

- Ол үшін бізге бірлік, жаңа Конституция, таңдау мүмкіндігі қажет. 10 қаңтардағы сайлау әділ өтті деп санамаймын. «Нұр-Отан» партиясының экс-депутаттары атауын ғана өзгертіп, басқа партияға көшті. Мұның бәрі сайқымазақ секілді көрінеді. Өзіміздің аға-апаларымызға партия құруға мүмкіндік бермей отыр. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін әділ сайлау өткізу қажет болады. Достарым бұл өте қымбат, көп ақша қажет, еліміз пандемиядан кейін дағдарысқа ұшырап жатыр дейді. Бірақ мен шындық қымбат, ақша табармыз, халық та шет қалмайды деймін. Осы жерге келгендердің барлығына алғыс білдіремін, - деді М.Боқаев.

Осыдан кейін, қала әкімінің орынбасары Самат ЕМБЕРГЕН оның жанына келіп, заңға сәйкес акцияны өткізу үшін әкімдікпен 5 күн бұрын келісіп алу керек екенін түсіндіре бастады. Боқаев оған «тікелей әрекет ету заңы ретінде Конституция бар және онда азаматтардың бейбіт митингі өткізуге құқығы бар екені айқын көрсетілген», деп жауап берді.

Сол кезде Емберген жергілікті биліктің митингіні екі жерде: «Салтанат Сарайы» жанында және «Ретро саябақ» жанында өткізуге болатынын, ал қаланың орталық алаңы митинг өткізетін жерге жатпайды деген қаулысы бар екенін айтты.

Бұған Макс, бұйыртса, ол жерге де баратынын, бірақ оған осы жер - орталық алаң ұнайтынын айтты.

Содан кейін ішкі саясат басқармасының бастығы Қанат ӘЗМҰХАН жақындап, Самат Ембергеннің ескертуін қайталап, заң бұзылғандықтан осы жерден кетуін өтінді.

Одан соң дауыс зорайтқышпен облыс прокурорының орынбасары Бауыржан ЖҰМАХАНОВ келді. Ол бұл жерде заң бұзылып жатқанын, заң бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша («Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзу») жазаланады деп мәлімдеп, айыппұлдар мен әкімшілік қамауға алу жазалары қарастырылғанын айтты. Әрине (үш адамнан артық адам жиналуға болмайтын), карантин режимін де еске салды.

Алайда, ешкім тарап кетпеді, Боқаев тағы да сөз алды:

- Құрметті отандастар, 2016 жылдың 24 сәуірінде алаңға 4 мың адам жиналды. Сол кезде бірде-бір шам, бірде-бір ағаш сынған жоқ. Қазір де солай. Біз бейбіт жанбыз, біз тек өз пікірімізді ашық айтқымыз келеді.

Сол кезде арқаларында «СОБР» деген жазуы бар маска киген және қара түсті формадағы жігіттер жүгіріп келіп, жиналғандарды қоршап алды. Қолдарында автомат жоқ, оған да шүкір. Бірақ ешкім зорлық-зомбылықты қаламады, сондықтан Боқаевтың өтінішімен алдымен осы қоршаудан әйелді шығарды, содан соң қоршауды ашты.

Шығар кезде Макстан келесі митингті өткізу үшін қала әкімшілігімен келісесіз бе деп сұрадым.

- Айнұр, олардың ешқашан ештеңемен келіспейтінін жақсы білесіз ғой. Айтпақшы, «собрлықтар» жарады, адамдарды жіберіп қойды, - деді Боқаев. – Бәлкім бүгін Еуропарламенттің ықтимал санкциялары туралы айтқан соң шығар?

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

1 наурыз 2021, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.