Атырау, 25 сәуір 17:06
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

"Бізді тіпті ұмытып кеткен сияқты"

Сурет
3 345 просмотра

Карантин шектеулеріне байланысты банкет пен компьютер залдары, бильярд, боулинг орталықтары мен балалар ойын алаңдарының қызметіне бірінші болып тыйым салынды. Содан бері бір жыл өтті, осы нысандардың кейбірі мүлдем жабылды, қалғандары банкрот болуға шақ тұр.

- Бізді тіпті ұмытып кеткен сияқты, - дейді бизнес өкілдері. Бүгінде Атырау облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақта болғандықтан, көп салаға жұмыстарын жалғастыруға рұқсат етілген сияқты, бірақ іс жүзінде оларға салынған тыйым өз күшінде. Кәсіпкерлер осындай шағыммен облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді.

Ойын-сауық кешенінің басқарушы менеджері Бибігүл ШИТЕНОВАНЫҢ айтуынша, үш банкет залы мен боулинг орталығын қамтитын мекеме өткен жылдың наурыз айында жабылып, содан бері ашылмаған. Жабылғаннан кейінгі алғашқы айларда иелері жұмыс істеуге рұқсат етіледі деген үмітпен жұмысшыларын ұстап отырды, Бірақ кейін оларға ақша төлеуге мүмкіндіктері болмаған соң, таратуға мәжбүр болды. Ал әрқайсысының өз отбасы, несие, шығындары бар.

- Қазір мейрамханалар шектеумен болса да жұмыс істеп жатыр, ал біздің олардан айырмашылығымыз қандай? Боулинг орталығында алты жолақ бар. Тіпті, әрқайсысында бес адам ойнағанның өзінде 30 адам ғана болады. Қазір коммуналдық қызметтер қосылды, айына 500-600 мың теңге шығады, мұны өз қаражатымыздан төлеп отырмыз, - деді Б.Шитенова.

Ал балалар ойын алаңының иелері қызметкерлерге жалақы, салық және несиелік міндеттемелер төлеу проблемаларынан басқа, несиеге сатып алынған жабдықтардың қаңтарылып тұрғанын баса айтты.

- Жұмыс істемегенімізге бір жылдай уақыт болды, бірақ жабдықтар үшін айына миллион теңгедей несие төлейміз. Егер жұмысты жалғастыратын болсақ, аппараттарды қайта тексеру қажет, өйткені ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрғандықтан, олар жарамсыз болып қалады. Кейін төлеуге берілген мерзім аяқталды. Біз барлық талаптарды сақтай отырып, шектеумен жұмыс істеуге дайынбыз. Кинотеатрларға жұмыс істеуге рұқсат етілді ғой, бізге қарағанда оған келушілер әлдеқайда көп, - дейді ойын-сауық паркінің өкілі Жанаргүл ЖОЛДЫҒҰЛОВА.

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла ИДРЕСОВТЫҢ айтуынша, карантин салдарына байланысты Атыраудағы 16 бильярд клубының 6-уы өз қызметін мүлдем тоқтатқан. Екі боулинг орталығының бірі де солай. Оның пікірінше, жиналған кәсіпкер өкілдерінің оларға жұмыс істеуге мүмкіндік беру талабы өте орынды, өйткені жыл бойы оларда түсіп жатқан кіріс жоқ.

- Олар шектеумен жұмыс істеуге дайын, санитариялық талаптарды сақтауға әзір. Оларға коммуналдық қызметтерді төлеу, несиелер мен салық төлемдерін кейінге қалдыру бойынша мемлекет тарапынан көмек қажет. Осы мәселенің барлығын ведомствоаралық комиссия отырысында облыс басшылығына жеткізуді жоспарлап отырмыз. Кейбір өңірде осындай бизнес түріне жұмыс істеуге рұқсат берілген екен, біз де Атырау облысының бас санитар дәрігеріне жүгінеміз, - деп түйіндеді А.Идресов.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

27 ақпан 2021, 12:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.