Атырау, 27 сәуір 06:47
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Тігінші Бекзат

Сурет
3 643 просмотра

Тігіншілік әйелдер қауымының мамандығы деп есептеледі, бірақ Мақат ауданының 26 жастағы тұрғыны Бекзат АРЫСТАНОВ та осы іспен айналысады, он саусағынан өнер тамған ісмер жігіт.

Бекзат іс тігуге бала кезінен қызығушылық танытқан. Бұл іске деген сүйіспеншілігін оятқан қолөнер шебері нағашы әжесі екен. Әжесі құрақ көрпе, түрлі киімдер тіккен. Осыны көріп өскен Бекзат кішкентайынан ине ұстапты.

- Ұқыптылыққа әжем үйретті, қисық тіксем, сөктіріп, кері тіктіретін. «Ой, құрсыншы, осылай жарайды десең, соған дағдыланып кетесің» деп үнемі айтып отыратын.

Бекзат алғаш рет іс тігетін аяқты ескі машинаға 13 жасында отырған екен. Бұл күрделі құрылғы, инемен және аяқ педальмен бір уақытта жұмыс істеу керек. Басында ол қатар жасай алмай, үш жылдан кейін үйренген.

- Ол кезде пішу дегенді білмейтінмін. Ата-анам қолымнан қақпай, хоббиімді әрі қарай сүйікті іске айналдырып, мақсатымның жүзеге асуына атсалысты, - дейді Бекзат.

Мектепті бітіргеннен кейін АМУ-дің  дизайнер мамандығына оқуға түскен.

- Университетте көп нәрсені үйрендім. Жоғарғы курста Айзада КЕНЕН деген мұғалім сабақ берді. Жас болса да, білімді, білікті еді, ең бастысы білгенін шәкірттеріне жеткізе білетін. Апайыма алғысым шексіз, - деп еске алады Бекзат.

- Бүгінде Мақат аудандық мәдениет үйінің суретшісі және веб-дизайнер болып жұмыс атқарамын. Түрлі мультфильм кейіпкерлерінің костюмін тігемін. Тұрғындардан да киім тігуге тапсырыс аламын. Сән үлгілерін өзім ойлап тауып, эскиздерін сызамын. Жалпы табиғи маталармен жұмыс жасағанды ұнатамын. Киіммен қатар құрақ көрпе тігемін. Ал қазір ұлттық рухани құндылықтарымыздың бірі -   кимешек тігуді қолға алдым.

Қазақстандық дизайнерлердің ішінде марқұм Берік Исмаилов, Аида Кауменова, ұлттық нақышта киізден киім тігетін Ая Бапани, ақтаулық «НұрШах» сән үйінің мамандары ұнайды. Шетелдік дизайнерлердің жұмысын да қадағалап отырамын. Шанельдің стилін жақсы көремін. Негізі дизайнерлерде авторлық құқық деген болады ғой. Сондықтан белгілі брендті қайталамай, керегімді алып, өзім өзгеріс енгіземін.

Әр кәсіптің өзіндік қызығы мен қиындығы болатыны белгілі. Қиналған кезімде «сабыр түбі – сары алтын» деген қағиданы ұстанамын. Алған тапсырысты уақытында бітіруге тырысамын. Тұтынушымның көңілінен шықпай қалған кездер әзірге болған жоқ.

Қолдау көрсеткен ата-анам және бірден-бір себепкер болған жұбайым Альбинаға алғысым зор. Екеуміз де шығармашылыққа жақын, ой-өрісіміз бір болғандықтан, идеяларымыз бір жерден шығады. Ол көбіне маған жұмысқа қатысты кеңес беріп отырады. Ал мульт-кейіпкерлерге арналған киім тігу идеясын Мәдениет үйінің директоры Кенжебике АЙТМҰХАНҚЫЗЫ ұсынған болатын. Маған сенім артып, үнемі қолдап жүреді.

Менің арманым шексіз. Ал мақсатыма келер болсақ, өзімнің ательемді ашып, жеке брендімді қалыптастыру және Қазақстанға, шет елге танымал дизайнер болғым келеді.

Гүлсім СҮЙІНҒАРИЕВА

Суреттер Бекзат Арыстановтың жеке мұрағатынан алынды

15 ақпан 2021, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.