Атырау, 13 қазан 05:19
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Тексеру комитеті: ақша ұрлау көбейіп келеді

3 235 просмотра

Сатылған жер учаскелері үшін алынған 152 миллион теңге бюджетке түспеген - мұны Атырау облысының тексеру комиссиясы жүргізген тексеріс кезінде анықталды.

Тексеру комиссиясының төрағасы Нариман ТАУШОВТЫҢ айтуынша, қаңтарда Атырау қаласында жер учаскелерін жалға беру мен сатудан жергілікті бюджетке түскен түсімдерге тексеру жүргізілген.

- Нәтижесінде 5 келісімшарт бойынша бюджетке 152 миллион теңгенің түспегенін анықтадық. Осы қаржылық бұзушылық туралы материалдарды процессуалдық шешім қабылдау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолдадық. Бір учаске бойынша сатып алушы 120 миллион теңге төлеуі керек болды, бірақ оның 12 мыңы ғана бюджетке түскен. Төленген түбіртектер бойынша соманың сәйкессіздігі анықталды. Бірақ бұған қарамастан жер учаскесі сатылды, келісімшарт жасалды. Бір учаске үшін 120 миллион теңге - бұл үлкен сома. Мұны бақылаушы мемлекеттік органдардың кінәсі деп айта алмаймыз, бірақ келісімшарт жасаған кезде құжаттарды мұқият тексеріп, салыстыру қажет еді. Бәлкім, бұл сатып алушының кінәсі шығар, ол түбіртекті немесе төлем құжаттарын біле тұра әдейі өзгерткен болар. Біз өз құзыретіміздің аясында бұзушылықты тіркейміз, ал әрі қарай құқық қорғау органдары тексереді, - дейді Н.Таушов.

Оның айтуынша, 2020 жылы комиссия бекітілген тізімге сәйкес барлық жоспарлы аудиторлық тексеру жүргізген. Атырау облысында жалпы сомасы 71 миллиард теңгені құрайтын келісімшарттар бойынша 174 субъектіге 12 тексеру жүргізілген, оның ішінде жалпы сомасы 1,1 млрд  теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.

Қазір бұл соманың жартысы өтеліп, қалпына келтірілді. Басшылар, сондай-ақ құқық бұзушылыққа жол берген мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

- 2020 жылдың 4-тоқсанында Исатай және Қызылқоға аудандарының бюджетіне аудит жүргіздік, - деп сөзін жалғастырды сұхбаттасушым. – Ол жақтардан ауылдық округ есепшілерінің жалпы сомасы 31 миллион теңгені құрайтын бюджет қаражатын иемденгені анықталды. Қызылқоға ауданы ауылдық округтерінің бірінің есепшісі 2017-2020 жылдары өзінің жеке шотына және басқа адамдардың есепшотына 21 миллион теңгені заңсыз аударған. Ал Исатай ауданы ауылдық округінің есепшісі сол кезеңдерде шамамен 10 млн теңгедей қаржыны иемденген. Жиналған материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Бізге белгілі болғандай, Қызылқоға ауданының есепшісі 7 жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған, екінші факт бойынша іс сотталушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.

Таушов атап өткендей, тексеру комиссиясы сот немесе құқық қорғау органы емес, оның негізгі міндеті - мемлекеттік органдардың бюджеттік және әкімшілік бағдарламасын іске асырудың тиімділігін бағалау және талдау. Оның бақылауынша, қаржылық бұзушылықтар (оның артында, әдетте, ақша жымқыру жатыр) жылдан жылға көбейіп келеді.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

14 ақпан 2021, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.