Жапония премьер-министрі Есихидэ Суга елдегі жалғыздықпен күресу үшін бұл бағыт бойынша арнайы министр тағайындауға бұйрық берді деп жазады nur.kz Sputnik радиосына сілтеме жасап.
Жергілікті басылымның хабарлауынша, мұндай шешім елде пандемия аясында байқалған психологиялық апатияға байланысты қабылданған.
Атап айтқанда, коронавирустың ұзақ уақыт бойы елді жайлауы және соған байланысты өзін-өзі оқшаулау шаралары әйелдер арасындағы суицидтердің көбеюіне әкеліп соқтырған..
Жапония министрлер кабинеті басшысының шешімі бойынша бұл қызметті екі бірдей лауазымды қатар ала отырып, аймақтардың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру министрі Тэцуси Сакамото атқаратын болады.
Жалғыздық министрінің міндеттеріне суицид жағдайларының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл, мемлекеттен егде жастағы адамдарға көмек көрсетуді үйлестіру және балалардың кедейлік жағдайын бақылау кіреді.
Министр жаңа міндеттердің маңыздылығына назар аударып, қазіргі қоғамдағы адамдар арасындағы байланыстың әлсіреу тенденциясы бұрындары да байқалғанын, бірақ коронавирус пандемиясы оны жеделдеткенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін жапон жігіті тарақанға ғашық болғаны туралы жазған едік. Жас жігіт ерекше махаббат хикаясын жалпақ жұрттың назарына ұсынған болатын. Кішкентайынан жәндік атаулының бәріне ерекше әуес болған жігіт ақыры олардың біріне ғашық болып тынғанын алға тартқан.