Атырау, 25 қараша 13:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ТМД елдерінде сотталғандар жазаны өз елінде өтей алады

2 040 просмотра

Мәжіліс ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындау туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Конвенцияның негізгі мақсаты –  әр азаматқа өз жазасын тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру.

"Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің бас прокуратурасы сұрау салады", - деді Тұрғымбаев мәжілістің жалпы отырысында.

Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі:

  • сотталушының азаматтығы;
  • оның жазбаша келісімі;
  • сот шешімінің көшірмесі;
  • мінездеме;
  • келтірілген шығын туралы мәліметтер.

Министрдің айтуынша, сотталған азаматты қабылдайтын мемлекет белгіленген жазадан қатаң жаза тағайындай алмайды.

Жазасын өтейтін адам шешім қабылдаған соң, 45 күнде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер ол талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады.

"Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған. Ұлттық заңнамаға сәйкес, жазасын өтеу үшін әрекеті қылмыс болып табылмаса; қылмыстың мерзімі өтіп кетсе; ел тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздікке қауіп болса; жазасын өтеу мерзімі 6 айдан аз болса. Ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайларда бас тартылады", - деп түсіндірді министр.

Тұрғымбаевтың ақпаратынша, қазір Қазақстанда 447 шетелдік пробацияда тұр. Өзбкстаннан – 216, Ресейден – 138, Қырғызстаннан – 38, Армениядан – 5 азамат.

Ал өзге елдерде 280 қазақстандық жазаға тартылған: Ресейде –  251, Өзбекстанда – 24, Қырғызстанда – 2, Беларусьте – 3.

Ведомство Қазақстан бұл конвенцияға ескертпемен қол қойғанын атап өтті.

"Заңды қабылдау – жазасын өтеушілерді тұрғылықты жеріне қайтаруға мүмкіндік береді. Заң жобасы теріс әлуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Қосымша қаржы талап етпейді", - деді Тұрғымбаев.

Конвенцияға Ашхабад қаласында 2019 жылы Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан президенттері қол қойды.

Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

10 ақпан 2021, 10:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.