
Атырауда 5 ақпанда қала маңындағы Талқайраң ауылында жоғалып кеткен 29 жастағы Наурыз ӘЙТЕКЕШОВТІ іздеу жұмыстары жалғасуда. 50-ге жуық ерікті, полиция мен төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері әр үйді тінтіп шыққанымен, нәтиже болмай тұр.
Наурыз Әйтекешов - отбасындағы 9 баланың төртіншісі. Отбасы Қарабатаннан көшіп келіп, Талқайраннан үй салып алған. Бұрын Наурыз Атырауда жұмыс істеген. Бір күні түнгі уақытта жұмыстан келе жатып, есінен танып құлаған. Содан бері есі кіресілі-шығасылы.

- Апармаған жеріміз жоқ, ем қонбады. Бірақ мінезі жақсы, үйден шықпайтын жігіт, - дейді анасы Қарлығаш МАХАМБЕТОВА.- 5 ақпан күні кешке қарай үйден шығып кеткен. Қалай шыққанын байқамай қалдық. Өз күшімізбен іздеп, таба алмаған соң, полицияға хабарластық. Әлі таба алмай жатырмыз.
- Сол күні ешкімге ренжіген жоқ па? Бұрын осылай үйден кетіп қалған кездері болды ма?
- Бұрын да кетіп қалатын еді. Бірақ осылай ұзақ уақыт жоғалған емес, бірден табылатын. Сол күні үйде кішкентай балалар болды. Мүмкін балалар шулаған соң, сыртқа шығып кеткен болар. Аман-есен табылса екен.

Наурыз үйден үстіне сыртқы киімін киместен, жалаңаяқ кетіп қалған. Әлеуметтік желіге хабарландыру берілген соң оны біреулер Берекеден, енді бірі Жұлдыз ықшамауданынан, кейін Атырау-Доссор тас жолының бойынан көрген. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Наурыз ешқандай бейнебақылау камерасына түспеген.
Әкесі Рафхат ӘЙТЕКЕШОВ Наурызды психологиялық ауруханаға жатқызбақ болған екен, бірақ оны қабылдамаған.
Қолында GPS-білезігі болған, бірақ жоғалатын күні оны қолынан шешіп тастаған.
- Біз туған-туыстың бәріне хабарластық, ешкімге бармапты, - дейді әкесі.
- Мүмкін жерлердің барлығын тексеріп шықтық. Алайда нәтиже болмай тұр. Іздеу жұмыстары жалғасады, - дейді полиция қызметкерлері.
ТЖД жедел-құтқару жасағы бөлімінің бастығы Самат ҚҰМАШЕВ 8 ақпанда МИ-8 тікұшағы әуеден тексеру үшін іздеу жұмыстарына қосылғанын хабарлады. Бұдан басқа, іздестіру иттері де жұмылдырылды.
Іздеу жұмыстары жалғасуда.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор