Атырау, 25 қараша 13:37
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Ресей Еуроодақ ескертуін елемеді

2 472 просмотра

Еуропалық Одақтың сыртқы саясат бөлімінің басшысы Жозеп Боррелдің Ресейдегі кездесуі сарапшылар тарапынан сынға ұшырады. Себебі Боррелльдің Мәскеуге сапары оппозиционер Алексей Навальныйдың улануына, қамалуына қатысы бар ресейлік шенеуніктер мен магнаттарға қарсы санкциялар мәселесімен тұспа-тұс келді. Бұл туралы "The Qazaq Times" хабарлайды.

Боррел Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесіп, наурыздың соңында өтетін ЕО саммитін, Кремльдің адам құқықтарын таптау әрекеттерін, Навальный ісін және басқа да негізгі мәселелерді талқылаған. Сонымен қатар, Мәскеуде жүрген Еуроодақтың сыртқы істер ведомствосының басшысы Жозеп Боррель Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен келіссөзде Навальныйды және оны қолдау шаралары кезінде ұсталғандарды босату мәселесін тағы да көтерді. 

Дегенмен, Еуропадағы сарапшылар «Ресейге бойкот ретінде Боррель сапар жасамауы тиіс еді» деп санайды.

Politico халықаралық басылымында осы тақырып жөнінде: «Боррелдің Лавровпен кездесу «қойылымы» апатқа ұшырады. Ол ЕО Навальныйдың ісіне байланысты Ресейге қарсы жаңа санкциялар қабылдауға ешқандай қадам жасамағанын мойындады. Содан кейін Испанияның бұрынғы Сыртқы істер министрі болған Боррел Лавровтың Еуроодақты сынағанына ешқандай жауап бере алмады», – дейді. 

Еуропалық Парламенттегі ең үлкен фракцияның, еуропалық халық партиясы фракциясының атынан Боррелдің Мәскеу сапарын оның вице-төрағасы, Латвияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Сандра Калниете қатты сынға алды. 

Шенеунік сөзінде: «Боррельдің бұл кездесуі Еуроодақты Ресейге жығып бергендей. Себебі ол Лавровқа қарсы мәлімдеме айта алмады. Егер Боррель түрмедегі Алексей Навальныйға барып, демократияны жақтаушылармен егжей-тегжейлі сөйлескен болса ғана бұл сапар мағыналы болар еді. Шындығында, Боррель тіпті Навальныймен кездесуге де тырыспады. Тіпті Қырымды да сөз еткен жоқ. Біз Боррельді Кремльді насихаттаудың құралы емес, еуропалық құндылықтарды қорғайтын саясаткер санаған едік», – деді.

Ресей мен Шығыс Еуропаның маманы, саясаттанушы Марк Галеотти британдық «Spectator» журналындағы мақаласында: «Бұл – Еуроодақ дипломатиясындағы ең нашар кездесу болды. Боррелдің Мәскеуге сапары, өкінішке орай, орыстар үшін жеңіс. Кремль Еуроодақтың атынан барған Боррельді мойындамайтын да көрсетті. Орыстар көбіне Байден әкімшілігінен қорқатын сияқты», – деп жазды. Галеотти, көптеген басқа комментаторлар сияқты, Боррел Навальныймен де, оның серіктестерімен де кездесуге тырыспағанын сынға алды. 

«Неміс толқыны» орыс редакциясының басшысы Кристиан Триппе тез арада Ресейге санкция енгізу керек дейді. Ал Эстония парламентінің сыртқы саясат комитетінің басшысы Марко Михкелсон Навальныйға қатысты сот және басқа да оқиғаларды ескере отырып, «ЕО мен Ресей арасындағы қарым-қатынастағы атмосфера төменгі деңгейде», деп санайды. Британдық Telegraph газеті Боррелдің сапарын «Еуроодақты қорлау» деп атаған. Басылымда: «Боррель мұндай жағдайға дайын емес болып шықты. Лавров өз ережесі бойынша ойнады және санкциядан қорықпайтынын ашық білдірді», – делінген. Навальный ісі 2 ақпанда Мәскеу қалалық сотында Навальныйдың «Ив Роше» ісіндегі шартты мерзімін ауыстырды. Навальный жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Шешім күшіне енгенге дейін ол тергеу изоляторында қалады. Үкім шыққаннан кейін батыс елдері Ресей билігінің бұл әрекетін «еркіндік құқығы мен заң үстемдігіне жасалған ауыр соққы» деп сынға алып, Навальныйды бостауды талап етті. Батыс елдерінің Навальныйды босату туралы дабылына Крмельдің атынан жауап берген Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова «негізсіз шешім» деп қысқа қайырды. 

Бұған дейін бір топ демократ және республикашыл сенатор АҚШ конгресіне «Ресейді қастық әрекеті үшін жауапқа тарту туралы» заң жобасын ұсынған. Онда Навальныйды улауға және «Новичок» уын жасағандарға қатысы бар ресми тұлғаларға санкция салу жағы қарастырылған. 6 ақпанда Ресей Еуропа одағының үш дипломатын «заңсыз шараларға қатысты» деп айыптап, ел аумағынан шығаруды талап етті. Кейіннен Еуроодақ Ресейді дипломаттарды шығарып жіберу туралы шешімін қайта қарауға шақырды. Франция президенті Эммануэль Макронмен бірге өткен баспасөз мәслихатында Германия канцлері Ангела Меркель Берлин мен Париж Мәскеудің бұл шешімін орынсыз деп танитынын айтты. Швеция сыртқы істер министрлігі өз дипломатиялық өкілдігі қызметкері рұқсат етілмеген шараға қатысты деген ақпаратты жоққа шығарды. Польша шешімнің күші жойылатынына үміт ететінін айтты және бұған қарымта шаралар қолданатынын ескертті.

8 ақпан 2021, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.