Атырау, 25 сәуір 14:46
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Полиция капитаны жезөкшелерді «қорғауға» құлшынып тұрды

2 899 просмотра

Атырау қалалық №2 соты ҚР ҚК-нің 362-бабы («Билік немесе қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша айыпталған Атырау облысы полиция департаментінің қылмыстық істер басқармасының жедел уәкілі Руслан ЗҰЛҚАШЕВҚА қатысты үкім шығарды.

Қылмыстық іс құжаттары бойынша, полиция капитаны Зұлқашев кейін ақша сұрап, басқа да талап қою үшін Өзбекстанның екі азаматшасының төлқұжатын және Шымкент қаласы тұрғынының жеке куәлігін заңсыз тәркілеген. Жезөкшелікпен айналысу үшін Атырауға келген 21 жастағы өзбек қызынан әкімшілік хаттаманы жойып, төлқұжатын қайтарып, «қамқорлап» жүру үшін 200 мың теңге пара талап еткен. Сонымен қатар, сотта куәлік берген бастығы Қ.Сыдықовтың сөзіне қарағанда, әкімшілік хаттама толтыру Зұлқашевтің құзыретіне жатпаған, жалпы ол өзінің «жезөкшелікпен күресіп жүргені» туралы басшылыққа хабарламаған. Іс құжаттарына сәйкес, былтыр 21 наурызда Зұлқашев сол қыздың жалдап тұрған пәтерін өз бетімен тінтіп, төлқұжатын көрсетуді талап еткен. Қыз құжаты Дамба ауылындағы бір танысында екенін, оған телефон шалса болатынын айтқан. Бірақ капитан оны алып кетіп, қалалық полиция басқармасының уақытша қамау бөліміне «жауып тастайды».

Сотта Зұлқашев 2020 жылдың 10 наурызында жәбірленуші жезөкшелікпен айналысып, ұрланған мүлікке иелік етеді деген хабар түскен, сол бойынша оны қолға алдым деп жауап берді.

23 наурызда қыздың танысы уақытша қамау бөліміне оның төлқұжатын алып келеді. Қыз босатылады, бірақ төлқұжатын Зұлқашев алып қалған. Оны қайтару үшін одан 200 мың теңге талап еткен. Сол ақшаны капитанға 25 наурызда ПД-дегі өз кабинетінде қолына ұстатты. Қызда тыңдау құрылғысы жоқтығына көз жеткізгеннен кейін, Зұлқашев оған жұмысыңды жалғастыра бер, мен сені «қамқорлап» жүремін деп, өзінің WhatsApp нөмірін берді. Сонымен қатар, ол оны ескертпей жезөкшелікпен айналысқаны үшін ұсталғанын, ал оның барлық әріптестері алдын-ала «ескертіп алып», жұмысқа кірісетінін айтып түсіндірді. Айтпақшы, жәбірленуші Атырауға осындай жолмен ақша табу үшін  2019 жылы келген.

Екінші жәбірленуші - 33 жастағы әйел, ол да Өзбекстаннан. Ол жалдамалы пәтерлерде «массажист» қызметін ұсынып, әлеуметтік желіде хабарландыру берген. 2020 жылы 23 наурызда Зұлқашев клиент ретінде оған телефон шалады. Пәтерге кірген бойда ол полицияда жұмыс істейтінін айтып, төлқұжатын талап еткен. Ол құжат пәтердің иесінде деп жауап береді. Содан кейінгі әңгіме әдеттегідей өрбіді: Зұлқашев оны жіберіп, кейін көмектесіп жүру үшін одан 100 мың теңге талап етеді. Қыздың қалтасында 25 мың теңгеден басқа ақша жоқ екенін білгенде, Зұлқашев ашуланып, оны уақытша қамау бөліміне алып кеткен.

Бұл іске жәбірленуші ретінде қатысқан үшінші адам - біздің қаламызда жезөкшелікпен айналысатын 30 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны. Зұлқашев оған да клиент ретінде телефон шалып, бір кафе маңында кездесуге шақырады. Сол жерден оны қызметтік көлікке отырғызып, ПД-не әкеліп, басқа жезөкшелер туралы ақпарат талап еткен және жәбірленушінің сөзіне қарағанда, бұл оған пайда табу үшін қажет болғанын жасырмаған. Әйел ештеңе айтпағасын, оның жеке куәлігін алып, оған таңертеңге дейін ойлануға уақыт берді, әйтпесе ол оны «жауып тастайды» екен. Бірақ әйел көп кешікпей, оған «жеке куәлікті өзіңізге қалдырыңыз, мен жаңасын жасатып аламын» деп SMS-хат жазып жібереді де, асығыс таксиге отырып, Шымкентке кетіп қалады.

...Осы үш эпизод бойынша сотталушы өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Бірақ сот тағылған айыпты негізді және дәлелденген деп тауып, Зұлқашевты «полиция капитаны» атағынан және 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. 

Айнұр САПАРОВА

8 ақпан 2021, 11:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.