Иран сыртқы істер министрі Вашингтонды 2015 жылғы ядролық келісімге мейлінше жылдам оралуға шақырды. Бұл туралы 6 ақпан күні ирандық басылымда жарық көрген сұхбатта айтылды.
"Америкалықтарда уақыт аз. Оған Иран жаңа жылынан кейінгі сайлау атмосферасы мен парламент заңы себеп" деді Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф Хамшахри басылымына берген сұхбатында.
Иранда жаңа жыл 21 наурыздан басталады. Ал маусым айында елде сайлау өтеді.
Иран парламенті желтоқсан айында қабылдаған заңға сәйкес, егер АҚШ 21 ақпанға дейін санкцияларды жеңілдетпесе Иран үкіметі ядролық ұстанымын қатайтуы қажет.
"Америкалықтар уақытты неғұрлым көп созса, соғұрлым көп ұтылады" деді Зариф сұхбатта. "Келіссөз үстеліне оралу Ираннан бұрын АҚШ-қа қажет".
АҚШ-тың 45-президенті Дональд Трамп 2018 жылы Иранның алпауыт елдермен жасасқан ядролық келісімінен шығып кетіп, Тегеранға қарсы санкцияларды қалпына келтіре бастаған.
Жауап ретінде Тегеран келісімнің кей шарттарын орындаудан бас тартатынын мәлімдеді. Өткен айда Иран уранды 20 пайызға дейін байытуға көшті.
Келісім аясында Иран уранды бар-жоғы 4 пайызға дейін байытуға міндеттенген, ал оның өтемі ретінде оған қарсы санкциялар жеңілдетілуі тиіс болған.
Байыту деңгейін 20 пайыздан асырса, оны ядролық қару жасауға пайдалануға болады.
АҚШ-тың жаңа президенті Джо Байденнің әкімшілігі келісімге оралудың жолдарын қарастырып жатыр. Байден осы жөнінде мәлімдеме жасап, егер Тегеран келісім шарттарын орындауға көшсе, АҚШ-та өз міндеттерін қарастыра бастайтынын айтты. Бірақ Тегеран алдымен Вашингтон санкцияларды жеңілдетуі тиіс және Иранның зымыран бағдарламаларын шектейтін бастамаларын бас тартуы қажет деді.