Атыраулық «Бейбарыс» хоккей клубы 29 қаңтарда «Сарыарқа» (Қарағанды) командасымен ойнағанда 1:6 есебімен жеңілгеннен кейін Қазақстан Кубогына қатысудан бас тартты. Мұндай демарш қазақстандық хоккей тарихында бірінші рет болды. Кейін клуб өз шешімін өзгертті, енді бәрін ретімен баяндап көрелік.
ХК-нің атқарушы директоры Сағындық МЕКЕЕВ «АЖ»-ға берген сұхбатында айтқандай, ойынның басында «Бейбарыстың» шайбасын есептемей қалған.
- Клуб басшылығы төрешілерге наразы болды. Кейін бізге қақпашыға кедергі келтірілгенін айтты. Әрине, біздің ойыншылардың салы суға түсіп, одан әрі ойынды дұрыс жалғастыра алмады. Содан Кубок ойынынан бас тартатынымызды мәлімдедік, - деді Мекеев.
Кездесуде команданы Атырау облысының хоккей федерациясының президенті Болат Бушанов пен Сағындық Мекеев басқарғанын атап өткен жөн. Артём Аргоков пен Михаил Смольников бастаған жаттықтырушылар құрамы ПТР-тесті нәтижесі күмәнді болуына байланысты Қарағандыға бармай қалды. Қайта тапсырған кезде тест нәтижесі расталмады, бірақ ережеге сәйкес жаттықтырушылар екі апталық карантинді сақтауы керек болды.
Қазақстан хоккей федерациясы (ҚХФ) матчтан кейін түсіндіргендей, «Сарыарқа» мен «Бейбарыс» арасындағы кездесуде қарағандылық команданың қақпасына шабуыл жасалған эпизод болды. Халықаралық хоккей федерациясының ережесіне сәйкес, егер шабуылдаушы ойыншы қақпаның маңында жүрген голкипермен кездейсоқ жанасып қалып, қақпашының өз қақпасын қорғауға жол бермеген болса, онда гол есептелмейді (150-ереже - қақпашыны бөгеуге байланысты ойын жағдайлары).
Міне, бүгін, 1 ақпанда «Бейбарыс» клубы мен хоккей федерациясы бұл жағдайды реттеді. Алғашқы мәлімдеме ойындағы оқиғаларға эмоционалды реакцияның нәтижесі болды деп хабарлады ХК.
«Біз ойында дау тудырған сәттердің бәрін асықпай зерделедік те төрешілердің әрекетіне наразылық білдірмеу туралы шешім қабылдадық. Covid-19 сынамасының оң нәтиже беруіне байланысты командада жаттықтырушылар құрамы мен бірнеше жетекші ойыншылардың қатыса алмауы және ойындағы сәтсіз әрекеттер матчтан кейін бірден осындай мәлімдеме жасауға әсер етті. Бұл хоккейшілердің ортасында біраз пікірталас болғанын түсінеміз, біз ол үшін барлық жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз. Осыған орай, бұдан былай клуб тарапынан асығыс қорытынды жасап, шешім қабылдамаймыз, төрелік етуге қатысты барлық мәселе бірінші кезекте ҚХФ жұмыс тәртібі мен кестеге сай талқыланатынын хабарлаймыз», - делінген «Бейбарыс» ХК сайтындағы ресми хабарламада.
«Бейбарыс» тұрақты маусымына қатысуын жалғастырады - 5 және 6 ақпанда көкшетаулық «Арлан» командасымен өз айдынында екі матч өткізеді. Қазір «Бейбарыс» 5-орында тұр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА