Францияда тағы толқулар басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Халық наразылығына полицияға қатысты жаңа заңның енгізілуі себеп. Соған сай тәртіп сақшыларының әрекетін әшкерелейтін бейнежазбаны түсіріп, таратуға тыйым салынған. Ал белсенділер мұндай бейнежазба полицейлердің шектен тыс озбырлығын дәлелдейтін жалғыз амал екенін айтады. Акцияға қатысқан журналистер мен адам құқығын қорғаушылар «наразылықты наурыз айына дейін жалғасытырамыз» деп бекініп отыр.
Виржини, шеруші:
- Біз полицияның озбырлығына қарсымыз. Наразылық акцияларына қатысушыларды дрон арқылы қарап бақылауды тоқтатуды сұраймыз. Себебі жаңа заң біздің бостандығымызды шектеп, пікірімізді еркін білдіру құқығымыздан айырады.
Бірнеше сағаттан кейін бейбіт шеру полициямен қақтығысқа ұласты. Тәртіп сақшылары Республика алаңындағы адамдарды тарату үшін көз жасаурататын газ қолданып, су шашты. Тіпті бір полицей ереуілшіні ұрып-соқты. Қақтығысқа қатысқан 26 адам қамауға алынды.