Атырау, 24 қараша 08:52
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сәулетшілер ойлап тапқан ғажайып қалашық

10 072 просмотра

Өткен жылдың аяғында Ақтауда «Қазақстан-2011» қала құрылысы форумының көшпелі көрме-семинары  болып өтті. Оған «Бесікті» спутник-қаласының жобасымен атыраулық жас сәулетшілер де қатысты.

Атыраудың жобалау тобының құрамында «Генплан» ЖШС қызметкерлері Тыныштық ЖЕТПІСӘЛИЕВ, Болашақ АНДАШЕВ, Мұрат МЫҢБАЕВ, Ғалымбет ҚОЖЫМОВ, Альфия НҰРМАХАМБЕТОВА, Нұргүл ҚАЛИЕВА болды.

Жасыл-желекке оранған Бесікті Атыраудан 20-25 км қашықтықта Қайыршақты селолық округінде орналасқан. Атыраулық топ жетекшісі Тыныштық Жетпісәлиевтің айтуынша, сәулетшілердің жобасы бойынша спутник-қала мәдени, ағарту және ойын-сауық орталығына айналуы тиіс. «Арман-қалаға» кіру үлкен мұражай кешені мен көрмелер сыйып кететіндей шыныдан жасалған жартылай шеңбер алып арка түрінде бейнеленген. Қалаға кіруді айрықша жобалау идеясы шығыс халқының қонақжайлылығымен үндескен. Кешеннің ішкі жағында конус пішінді айнамен қапталған зәулім ғимарат орналасқан, оған бүкіл обсерватория сыйып кетердей. Спутник-қалада, сондай-ақ, аквапарк, дендропарк, ғылыми ойлар орталығы, бизнес орталығы, бақ аймағында мектеп-интернат және т.б. қарастырылған. Баспана ретінде – әдемі саябақтары бар коттедж қалашықтар бар. Авторлардың жобасы бойынша, жасыл-желекке оранған қалада көліктер аз болмақ. Және сол жерде тұратын адамдар таза ауамен тыныстамақ. Бір сөзбен айтқанда, өмір емес, ертегі секілді.

Мен қарқынды түрде өзен шайып, құрдымға кетіп бара жатқан көне Сарайшық қалашығының орнына мұражай кешенін салу жобасы туралы сәулетшілерге неліктен ойланбасқа деген сұрақ қойған едім.

- Біз Ақтауға жиналып жатқан кезде, дәл осы жоба туралы ой келді. Бірақ ол ұзақ және мұқият есептеулерді талап ететін қиын жер. Сондықтан уақыт керек, дәл қазір біз осы жерден мұражай кешенін салу жобасының жұмысына кірісудеміз, - дейді Т.Жетпісәлиев. – Тек жақында ғана сол ауданнан 40 га жерді әлдебір пысық адамның сатып алғанын кездейсоқ білдік. Шамасы ол жер коммерциялық мақсатта сатып алынған болса керек. Біздің мақсатымыз – сол жерден дамыған инфрақұрылымы бар толыққанды мұражай кешенін салу.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

3 наурыз 2011, 00:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.