20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кіріскен Джо Байден сейсенбі күні Ресей басшысы Владимир Путинмен алғаш рет телефонмен сөйлесті. "Америка дауысы" сайты Байденнің бұған дейін АҚШ-тың Ресеймен саясатын түбірімен өзгертуге уәде бергенін еске салды, деп хабарлайды Azattyq.org
АҚШ президенті әңгіме барысында Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың қамалуына және Қырым аннексиясы мәселесіне алаңдаушылық білдірген. Екі басшы ақпан айында мерзімі аяқталатын ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімді (СНВ-3) ұзартуға дайын екенін жеткізген.
Ақ үй хабарламасында СНВ-3 келісімін ұзартудан бөлек тараптар "қару-жарақты бақылау және қауіпсіздікке қатысты бірқатар мәселе бойынша стратегиялық тұрақтылықты қолға алуға келісті" деп жазылған. Келісімді ұзарту мәселесінде екі басшының ортақ тіл тапқанына қарамастан Байден АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың сипатын анықтайтын бірқатар маңызды мәселелерге алаңдаған. Ақ үйдің хабарлауынша, Байден Украинаның егемендігін қолдайтынын атап өткен. АҚШ-тың жаңа президенті сонымен бірге Ресей қатысы болуы мүмкін АҚШ үкіметі мен ірі компанияларға жасалған ірі кибер шабуыл мәселесін қозғаған. Бұған қоса, "Ресей арнайы қызметі Ауғанстандағы АҚШ сарбаздарын өлтіргені үшін талибандарға ақшалай сыйақы ұсынды" деген ақпаратты көлденең тартқан.
Ресейлік ресми БАҚ тараптар АҚШ-тың Ашық әуе кеңістігі жайлы келісімнен шығуы, "Украинаның өз ішкі мәселелерін реттеуі", БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің саммитін өткізу туралы Ресей бастамасын талқылады деп хабарлады.
Кремльдің баспасөз қызметі Ресей мен АҚШ президенттері ашық, іскерлік сипатта сұхбаттасты деп хабарлады. Бірақ хабарламада Навальный, Украина егемендігі, хакерлік шабуыл жайлы айтылмайды.