Атырау, 28 желтоқсан 00:49
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Таңдайда не болды?

Сурет Бейнежазба
10 725 просмотра

25 қаңтарда Махамбет ауданы Таңдай ауылының 82 жастағы тұрғыны Сағынғали АХБЕРЛИЕВТІ туысқандары жер қойнына тапсырды. Марқұмның қазасы туралы қауесет әлі басыла қоймаған. Бірі «жиені нағашысын өлтіріп, бөлшектеп тастапты» десе, екіншісі «ақсақалдың денесін бірнеше ай қорасына жасырын ұстапты» деп жазады. «АЖ» тілшісі Таңдай ауылында болып, жағдай қалай болғанын анықтап көрген еді.

Алдымен жергілікті әкімге жолықтым, Бақсай округі әкімінің м.а. Серік БАЗАРБАЕВ бұл оқиға туралы былай деді:

- Бұл атышулы оқиға туралы өткен аптада ауылға полиция келгенде естідік. Нақты ештеңе айта алмаймын, құзырлы орындар айналысып жатыр. Марқұм болған ақсақалды ағайын-тумасы Атыраудағы мүрдеханадан әкеліп жерледі. Қадесін өткізуде. Ал қайтыс болған қарияны бір ауылда тұрғасын жақсы танимыз. Қарапайым, ешкімге зияны жоқ, өмір бойы совхозда механизатор болып жұмыс жасады, содан зейнеткерлікке шықты. Нағашылы-жиенді болып бір шаңырақта көптен тұрады. Ақсақалдың жиенін үйіне босатты деп естіп жатырмыз.

Ақсақалмен бір отбасында тұратын жиен қарындасы осы ауылдағы мектепте мұғалім. Қ. Ахмедияров орта мектебінің директоры Серік ҚОЙБАҚОВ бізбен әңгімесінде былай деді:

- Ол біздің мектепте 1997 жылдан биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасап келеді. Оқушылары аудандық, облыстық олимпиададан жақсы орын алып жүр. Ортада сыйлы. Қазіргі жағдайда жұмыстан уақытша шеттетілді. 

Таңдай ауылындағы мектеп

Қайтыс болған Ахберлиев «Жаңа ауыл» көшесінде тұрды. Көршілер аты-жөндерін айтпай, бізбен тілдесуге келісті:

- Пандемияға байланысты көршілер бір-біріне қатынасудан қалған. Сол себептен ол қарияны қашан көргеніміз есімізде жоқ. Негізі қарт кісі ғой, бірақ жиен қарындасы өлгенін жасырған деп естиміз. Оның рас-өтірігі белгісіз. Ал жиен қарындасының бөтен қылығын көргеніміз жоқ. Қолы ашық, жомарт адам. Үйінде ғой, барып сөйлеспейсіздер ме?

Ахберлиев тұрған үй

Әйел екі пәтерлік үйдің бір жағында тұрады. Есік-терезені біраз қағып көрдік – ешкім ашпады.  Кетейін деп қақпаға қарай жақындағанда, есік ашылды. Өзімізді таныстырғаннан кейін ол жауап беруден бас тартты. Дегенмен бір сұрақ қойып үлгердік. 

- Бірнеше жыл бірге тұрдық. Мен ол кісінің туған жиенімін. Ол астма ауруымен ауыратын, ал 2010 жылдан бері жүрек ауруынан есепте тұр. Ишемиялық ауруы бар, қарттық кірген, көзі де көріңкіремейтін.

- Ал ол қашан және қалай қатыс болды?

- Ештеңе айтпаймын.

Ауыл тұрғыны Қадыржан ҚАЗЫМБЕКҰЛЫ біраз мәлімет айтты:

- Біз бұл шаңырақты жақсы танимыз. Жиені  көп жылдан бері мұғалім болып еңбек етеді, жақсы педагог, сәлемі түзу, елмен жұғысты, әңгімесі дұрыс. Ал оның нағашысы былтырдан бері ауырады, төсек тартып жатқан адам. Үйінде дүние салған, бірақ ол сақталып қалған. Қанша сақталғанын білмеймін. Білуімше, ешкім ұрып-соқпаған. Осы оқиғаға қатысты ауылда әртүрлі әңгіме жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан, елдің азаматтары тарапынан жалпы елді сабырлыққа шақырып, алып-қашпа әңгімеге сенбеуге үндейміз. Анық-қанығын заң орындары анықтайды деп есептеймін.

Облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТТІҢ айтуынша, бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соған орай анық-қанығы белгілі болады. Көп сұрақтың түйіні алдағы күннің еншісінде қалды...     

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

27 қаңтар 2021, 17:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.