Қарағандыда «Джиу джитсу 2021-ге оралады» атты ашық республикалық турнир өтті. Бұл пандемия басталғалы өткен алғашқы маңызды жарыс, оған еліміздің түкпір-түкпірінен төрт жүзден астам спортшы қатысты. Сондықтан да Атырау облысы құрамасының жетістігі ерекше қуантады: біздің спортшылар 3 алтын, 3 күміс және 2 қола алқамен оралды.
Ересектер арасында 56 және 77 келіге дейінгі салмақта Жеңіс Нұрлыбаев пен Әлішер Ақжігітов (чемпион белдігінің иегері), жастар арасында Жалғас Әлиқали алтын алқа иеленді. Күміс және қола алқаларды Асхат Хамитов, Құралбек Құдияров, Балғара Өтесінқызы, Қосаман Алмазұлы, Арсен Мұратов жеңіп алды.
* * * * *
Алматыда бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Атырау облысының құрамасы бір күміс алқа иеленді, бұл 17 команданың ішіндегі командалық есеп бойынша 9-шы нәтиже.
Бекзат Қонысбай 56 келіге дейінгі салмақта финалға шығып, шешуші кездесуде ұтылып қалды. Салыстыру үшін, өткен жылы Атырауда өткен ҚР чемпионатында жастар әлдеқайда сенімді өнер көрсетіп, алтын, күміс және қола алқалар жеңіп алған еді.
- Көктемде Атырауда локдаун енгізілмесе, ҚР Жастар ойындары өтеді. Жақсы дайындалып, үздік өнер көрсетеміз деп ойлаймыз. Ынталандыру бар - жеңімпаздар Азия чемпионатына барады, - дейді облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Ринат Жұмағалиев.